Қонаев қаласында ғылым және жоғары білім министрлігі тіл саясаты комитеті мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты республикалық форум өтті. Шараның негізгі мақсаты ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру, адамды тіліне қарай кемсітудің кез келген түрін болдырмау, мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру болды.
Басқосуға Ғылым және жоғары білім, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығының өкілдері, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қаласының басқарма басшылары, тіл жанашырлары, тілдерді оқыту орталықтарының директорлары мен оқытушылары, полиция қызметкерлері қатысты. Форумды Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Қожабергенова ашып, жүргізіп отырды.
Еліміздің асқақ әнұранымен ашылған шарада сөз алған Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалына тоқталып, келешекте қолданыс аясын кеңейту жөніндегі ой-пікірін ортаға салды.
Келесі сөз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, әзербайжан этномәдени орталығының төрағасы, қоғам қайраткері Асылы Османға берілді.
– Тіл – ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниенің қоймасы. Қазақ халқы тілге ерекше көңіл бөлген. Оққа тоқтамай, сөзге тоқтаған. Алла Тағала зор қылып берген тілді білмей, қор қылып жүргендерге ашынамын. Бірақ қазір бұрынғыға қарағанда қолданыста болып, мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп жатқандығына шүкіршілік етемін. Дегенмен, мемлекеттік тіл тұғырына қонбайынша менің жүрегім орнына түспейді. Осы орайда менің де көпшіліктің көкейінде жүрген ұсыныстарым бар. ҚР Констиуциясының 7-бабының 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау қажет. Мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі туралы заңнамалық норма енгізу керек. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жүйесі мен тәртібінің қажетті механизмі жасалып, олардың тілді қаншалықты меңгеруіне байланысты лауазымға тағайындалып, жалақы деңгейі белгіленуі тиіс, – деді Асылы Әлиқызы.
ҚР Жоғарғы сотының ресми өкілі әрі баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов сөз алып, Конституция мен Тіл туралы Заңда мемлекеттік тілдің қазақ тілі екені жазылғанын, Азаматтық, Қылмыстық Кодекстерде сот ісі қазақ тілінде жүргізіледі деп көрсетілгенімен, мемлекеттік тілдің қолданысы өз деңгейінде еместігін жасырмады.
– Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, заңдарымыздың 99 пайызы әлі де орыс тілінде әзірленіп, қазақ тілінде аударылатыны қынжылтады. Оның өзінде сапасыз, терминдері түсініксіз болады. Лауазымды тұлғалардың барлығы мемлекеттік тілді қолданбай, орыс тіліне басымдық бере берсе, қазақ тілі аударма тілдің деңгейінен аса алмайды. Заң талабына сәйкес сотқа қай тілде арыз жазылса, судья істі сол тілде қарауға мәжбүр. Осыған байланысты сот процестерінің 70 пайыздан астамы орыс тілінде өтіп келеді. Тіпті, Алматы қаласы мен Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында қазақ тілінің үлесі 5 пайыздан да аспайды, – деді Айдос Қартаңбайұлы.
Одан әрі сөзін сабақтаған А. Сәдуақасов полиция инспекторларының әкімшілік хаттаманы орысша толтыратынын, тергеу материалдарының да басым бөлігі сотқа көбінесе орыс тілінде түсетінін алға тарта сөйледі. Сонымен бірге адвокаттардың 90 пайызы қандастарымыз бола тұра орыс тілінде сөйлейтінін, прокурорлардың да айыптау фактісін 80-90 пайыз орысша толтырып жүргенін, мемлекеттік мекемелердің басшылары да сотқа талап-арыздарын орысша жолдайтынын сын тезіне алды. Судьялардың арасында да мемлекеттік тілді жөнді білмейтін әріптестерінің жеткілікті екенін айта келе, қазақ әліпбиіндегі 14 бөтен әріп тұрғанда тіліміздің қазақшалануы қиын болатынын, сондықтан тезірек жаңа латын әліпбине көшу керектігін баса айтты.
Форум жұмысы әрі қарай облыстық тілдерді оқыту орталықтарының мемлекеттік тілді оқыту бойынша шеберлік сыныптарына жалғасты. Қарағанды және Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармаларының басшылары Әсет Аманжолов пен Маржан Жанасова тіл үйретудегі тәжірибелерімен бөлісті.
Форумның мәресіне жетер сәтінде қатысушылар Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасымен танысып, талқылап, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Айжарық Көптілеуов
Қонаев қаласы