Облыс әкімінің сөзінше, суару маусымында аудандағы 28,4 мың гектар жерді суару үшін Қапшағайдан Тасмұрын және Бақанас арналарына 550-650 текшек метр су жіберу қажет. Бұған қоса, Шеңгелді суару алабы және Қонаев қаласының ауызсу сұранысын өтеуге су алынады. Осының салдарынан Қапшағайдағы су деңгейі жаз айларында айтарлықтай төмендейді.
Дегенмен, 2022 жылы Қапшағай ГЭС-інен су ағызу секундына 170 текше метрге дейін төмендесе де, қажетті су көлемі жиналған.
Әкім Сұлтанғазиев Топар каналының құрғап кету мәселесіне де тоқталды. «Іле өзені деңгейінің төмендеуіненен Топар каналы кеуіп кетіп, экожүйе бұзылды» деген Марат Сұлтанғазиев 2015 жылы Балқаш ауданының әкімдігі Тасмұрын және Бақанас арналарын сумен қамтуды жақсартуға Іле өзенінде екі үрмелі бөгет салу жобасы әзірленгенін айтты. Осы жобаға түзетулер енгізіп, қайта сараптама жасау керек. Бұл жұмысқа 61,4 млн теңге бөлінген.
«Тиісті басқарма мамандары, аудан әкімі суару мәселесін қысқа мерзімде шешу қажет. Себебі оның әсері тек экономикаға емес, экологияға да тиіп жатыр. Заманауи технологияларды және тиімді ауыспалы егістікті қолдану арқылы күріш алқаптарын ұлғайтуды, оның өнімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды, өңдеу зауыттарының толық жүктемесін қамтамасыз етуді тапсырамын», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Alatau News