Күнделікті айтылып жүрген империяларды ойға түсірер болсақ, ауызға алдымен Британ, Ресей, Осман, Рим, Қытай империялары, ал өзімізге қатысты айтқанда Түрік қағанаты мен Алтын Орда хандығы ауызға алдымен ілігеді. Бұлардың барлығы бір кездері дәуірлеген, қанатын кеңге жайып, салтанат құрған. Империялардың түгеліне тән бір қасиет, ортақ тағдыр – олар түптің түбінде, ыдырап, жойылып, тарихтың еншісіне айналып отырғаны. Бірі қалмай! Кешегі күні жарты әлемге әмірін жүргізген Рим империясы, тәулік ішінде бір сәт күн батпайтын империя деп есептелген Британ елі де бүгіндері бар болғанымен, бұрынғы дақпыртынан ештеңе қалмаған.
Адамзат атаулыға айбат шегіп, өз халқын «темір шымылдықта» қамап ұстаған Кеңес өкіметі де бар-жоғы 70 жылдан аса өмір сүріп, сыртқы күштердің әсерінсіз бір мезетте жоқ болғанын көзіміз көрді. Алайда «қасиетті орын бос болмайды» демекші, сол құрдымға кеткен империялардың орнын басып, өздерінің дәрежесін арттырғысы келетіндер қашан да табылады емес пе?! Бүгіндері әлемдік билікке ие болғысы келетіндердің қатарында Америка Құрама Штаттары мен Ресей алдына жан салмай келеді. Қытайдың да олардан қалғысы жоқ. АҚШ экономикасы мығым, қарулы күштері қауқарлы мемлекет болғанымен, мұхиттың арғы жағында, тікелей қауіп жоқ. Әлемнің екінші экономикасы саналатын Қытай өз саясатын соғыссыз-ақ жүзеге асыруға дағдыланған. Не ойласа да ішінде. Ал, экономикасы құлдырап, берекесі кеткен Ресей жатса да, тұрса да өткен күндерін аңсап, «ядролық шоқпарымен» әлемдік қауымдастықты жасқаумен келеді. Осындай екі империяның ортасында, майлы жілік сияқты қойнауы қазына-байлыққа толы Қазақстанның халі нешік? Шығысымыздағы көршіміз жымия күліп, жымысқы ойын сездірмеуге тырысқанымен, экономикалық экспансия арқылы дегеніне жетуге тырысатыны айтпаса да түсінікті. Ал, «жақтаймыз, жарылқаймыз» деп «мәңгілік достық» жөніндегі мемлекетаралық шартқа қол қойған батыстағы көршіміз түпкі пиғылын әлдеқашан сездіріп тастаған. Жекелеген саясаткерлері мен Ресей Думасының депутаттары жиі айтып жүрген жерге қатысты мәселені Президенттері – Путин айдай әлемге жар сала жайып салды. «Ертең шекараларыңа басып кіреміз!» – деп мәлімдеме жасамаса да, «Кеңес өкіметі орыстың байырғы жерлерін заңсыз, себепсіз өзге елдерге таратып жіберген. Бұл деген әділетсіздік!» – дейді шамырқанып. Арғы жағында: «Біз сол әділетсіздікті қалпына келтіреміз!» – деген сөз тіл ұшында қалып отыр. Кейбір саясаткерлер, ресейшіл азаматтар бұл сөзде тұрған ештеңе жоқ, РеҚуат Ресей бізге ешқашан қарумен келмейді деп өзін де, өзгені де сендіргісі келеді. Ал, Путиннің сөзіне сенуге болмайтынын оның әрекеттері толық дәлелдеп отырған жоқ па?! Алдымен оның қырына іліккен шап-шағын мемлекет – Грузия 2008 жылы жерінің тұтастығын қорғаймын деп жүріп Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан көз жазып қалғаны белгілі. Қарулы күштерін тәуелсіз елдің территориясына жауып жіберіп, алдымен босатып алған ұлттардың тәуелсіздігін мойындаған Ресей, соңынан екеуін де өз құрамына кіргізіп алғаны әлемге әйгілі. Сонда Осетия мен Абхазия бостандық алды ма, жоқ, басына ноқта салғызды ма? Міне, сұрақ! Әзербайжан мен Арменияның арасындағы Таулы Қарабаққа қатысты кикілжіңнің аяқталмауы бір ғана мемлекеттің мүддесіне сай келеді. Ол – Ресей. Екі мемлекет арасындағы текетірес бар кезде олар Ресейдің қолдауы мен көмегіне зәру. Олай болса, бықсыған отты көсеп қойып, екеуін де ұзын арқан, кең тұсаумен ұстаудан тиімді тәсіл жоқ. Сол сияқты Молдованың Преднестровье өлкесіндегі қақтығыс Ресей үшін ауадай қажет. Себебі, Солтүстік Атлантикалық одақтың заңдары бойынша, аумағында шешілмеген мәселелері бар елдер оған мүше бола алмайды. Приднестровье мәселесі тұрғанда Молдоваға НАТО-ға кіруге жол жабық. Бар-жоғы сол ғана… Ең сорақысы, бауырлас бір халықпыз, тегіміз де қанымыз да бір деп жүрген Украинаға жасаған қысастығы болып отыр. Алдымен 2014 жылғы Қырым түбегін Ресейдің аннекциялауынан бастаған жөн шығар. Бұрын ол түбек кімдікі болғаны маңызды емес. Маңыздысы – Украина өз тәуелсіздігін жариялаған кезде Қырым осы мемлекеттің құрамында болғандығында. Ресейдің бұл әрекетін әлемдік қауымдастық, зайырлы елдердің барлығы қатаң айыптады. Дербес мемлекеттің территориясына әскерін кіргізіп жіберіп, мылтық ұңғымасының ұшында өткізілген референдумның нәтижесін еш мемлекет мойындаған жоқ. Осылайша айдың-күннің аманында Украина өзіне тиесілі 27 000 шаршы шақырым жерінен айрылып шыға келді. Осы жерде Кеңес империясынан бөлініп шыққан мемлекеттердің құқықтық негіздері туралы бір ауыз сөз айта кеткен орынды.
Өздеріңізге белгілі, КСРО тарағанда оның құрамында болған Қазақстан, Украина және Белорусияда ядролық қарудың үлкен қоры сақтаулы болатын. Бұл жойқын қару тәуелсіздік алған елдердің еншісіне бұйырғаны тағы белгілі. Алдымен Семей ядролық сынақ полигонының жұмысын біржақты шешімімен тоқтатқан Қазақстан атом қаруынан бас тартқан алғашқы мемлекет болғаны тағы мәлім. 1994 жылдың 5-ші желтоқсанында Будапештте өткен Біріккен Ұлттар ұйымының саммитінде АҚШ, Ресей және Ұлыбритания мемлекеттері ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан, Украина және Белорусияның қауіпсіздігі мен территориялық тұтастығына кепілдік беретін құжатқа қол қойып, жауапкершілік жүгін мойындарына алғанын әлем жұртшылығы жақсы біледі.Кейіннен бұл шартқа ядролық клубтың мүшелері – Қытай мен Франция да қол қойып, біздің қауіпсіздігімізді нығайта түскен. Алайда, осы кепілдіктер мен халықаралық шарттарға, өзіне алған жауапкершілікке қарамастан Ресей Украинаға тиесілі Қырым түбегін аннекциялап алған еді. Бұл әрекеттері туралы Ресей билігі не десе о десін, ең бастысы олар көрші елге агрессия жасап, территориялық тұтастығы мен қауіпсіздігін бұзғаны күмән туғызбайтын ақиқат.
Жалпы, өзінің империялық пиғылынан арыла алмаған Ресей барды-жоқты желеу етіп, бауырлас елге бір сәт тыныштық бермей келгенін баршамыз білеміз. «Қандастарымыздың құқығын қорғаймыз…» деген желеумен Донецк және Луганск облыстарындағы орыстардың қолтығына су бүркіп, сепаратистік ниеттегі тұрғындарына қолдау жасап келді. Қару-жарақпен, әскери мамандармен көмек көрсете отырып, ондағы қарулы қақтығыстарды ушықтыра түскен. Ақыры 2021 жылдың ақпан айында тәжірибеден өткен тәсіліне салып, ДНР мен ЛНР аумағында референдум ұйымдастыру арқылы оларды «тәуелсіз мемлекеттер» деп жариялап та жіберді. Аталған екі құрылымның тәуелсіздігін Ресейдің өзі мен оған күні түсіп отырған Сирия мен Солтүстік Корея және кеше ғана өзі құрған Абхазия мен Оңтүстік Осетия ғана мойындады. Халықаралық қауымдастықтың өзге мүшелері агрессордың бұл әрекетін қатаң айыптады.
Ресейдің әрекеті мұнымен тынбайтыны әу бастан белгілі болатын. Ол ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарындағы аса жойқын пропагандадан айқын аңғарылып тұратын. Біз соңғы 10-12 жылдың ауанында көрші елдің телеарналары осы тақырыптан ауытқымайтынын көріп келеміз. Путиннің пропогандистеріне белгілі саясаткерлері, мемлекеттік Думаның депутаттары, танымал өнер қайраткерлері қосылып, Украин халқына қара күйені баттастыра жағумен болғанын қалайша жасырамыз. Ара-арасында Қазақстанға қатысты қарау ойлар қылаң беріп қалатыны жұртшылық жадында. Осының бәрі Ресей халқын көрші мемлекетке қарсы соғыс ашуға дайындау үшін жасалып жатқаны белгілі-тұғын. Қазақта: «Жындының айтқаны келмейді, сандырағы келеді», – деген мәтел бар. Сол айтқандай, қазақтың топырағында туып, ауасын жұтып, суын ішкен Жириновский деген сайқымазақтың болжауы дәл шығып, 2021 жылдың 24 ақпанында Ресей әскері Украинаға баса-көктеп кіріп, жаңа соғысты бастап жіберді. Алайда Путиннің «арнайы әскери операция» деп ат қойып, айдар таққан соғысы ол ойлағандай оңай болмай шықты. Бір-екі аптада мемлекетті толықтай басып алып, өз билігімізді орнатамыз деген болжамдарының күлі көкке ұшты. Содан бері өткен бір жыл ішінде азат елдің намысты ұлдары жеңілу былай тұрсын, агрессордың қарулы күшін қайтарып, әскерін әлсіретіп жіберген. Маңдайы тасқа соғылған Путин енді созылмалы соғысқа көшкен. Ал, тәуелсіздігі үшін жан алып, жан берісіп жатқан украиналықтарды әлемнің зайырлы мемлекеттерінің бәрі қолдап, әскери, гуманитарлық, экономикалық, рухани көмектерін аямай тоғытуда. АҚШ бастаған барша мемлекеттердің салған санкцияларының нәтижесінде империяның халі мүшкіл болуға айналды. Біз тәуелсіз Украинаның бұл майданнан жеңімпаз болып шығатынына сенеміз һәм тілейміз. Себебі… Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, Украинаны біржақты қылғаннан кейін Қазақстанға қол салатынын Ресейлік саясаткерлер мен пропогандистер өз халқының санасына сіңіре бастағанын көріп келеміз. Украинадағы алғашқы сәттіліктеріне мастанған Путиннің пиғылын әңгімеміздің басында келтірдік. Ең бастысы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев СанктПетербургте өткен саммитте Ресей жаулап алған жерлерге қатысты Қазақстанның көзқарасын қадап айтты. Біз тәуелсіз мемлекеттерге жасалған кез келген агрессияға қарсымыз. Біз Қазақстанның тәуелсздігі мен тұтастығы үшін қасық қанымыз қалғанша күресуге дайынбыз. Ал, кешегі дәрежесін қайтару үшін арпалысып жатқан империяның күні батысқа қарай жылжуда. Мына соғыс оның жантәсілім алдындағы жанталасы шығар.
Қуат Қайранбаев