Күні кеше ғана ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жанармай нарығындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, елді елең еткізгені мәлім. Министрдің дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта бензин мен дизель отынының бағасы артады. Бұл өзгерістің аграрлық сала, жүк көлігі тасымалдарына тікелей қатысы бар екені айтпасақ та белгілі. Осы жәйтке байланысты жүк көлігімен жиі жүретін жүк тасмалдаушылардың бірі болғандықтан пікірім мынаған саяды. Мысалы дәл бүгінгі күні сонау Өзбекстан мемлекетінде дизель бағасы 480 тг көрсетіп тұр. Ал біздегі баға 230 тг. Кімдікі арзан? Осыдан кейін жүк тасымалдаушы қауымы қай мемлекеттен көбірек дизель алғысы келетіні айдан анық көрініп тұр ғой. Қазақстан мемлекеті көршілес мемлекеттерді арзан дизель отынымен көпе-көрінеу «асырап» отыр десек қателеспейміз. Олардың жүк көліктері бізден 1 тонна артығымен алып өз еліне сатып алыпсатар болып жүргендері көп. Мен кеше ғана Батыс Қазақстан, Орал қаласынан келдім. Ол жақта Оңтүстік Қазақстан сияқты дизельге тапшылық аз. Өйткені нағыз сауда-саттық, жүк тасымалдау еліміздің оңтүстік аймағында болғандықтан біз жақта жанармай стансаларында дизель тапшы. Оның үстіне көршілес Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары дизельді бізден алады. Бір алғанда мол қылып алады. Енді қазір жанармай станциялары жүк тасымалдайтын көліктерге 300 литрден аспайтын лимитпен құятын болды. 300 литр дизель отыны 700-800 шақырым жол жүруге жетеді. Соның өзінде де еліміздің жанармай резервінің таусылуына әкеліп соғатын арзан бағадан қиын болса да бас тартуымыз керек. Дизель бағамының өсуі ең алдымен табиғи ресурстарымыздың таусылуының алдын алу деп ойлаймын. Тасымалдау да қымбаттайды, оған қоса тауардың бағасы өседі. Қымбатшылыққа қатты ұрынбау үшін халықтың айлығын да өсіру керек шығар. Ең бастысы қарапайым азаматтарымыз бағаның өсуінен зардап шегіп қалмаса екен деген өтінішіміз бар.
Нұрлан АҚТЫМБАЙ, жүк тасымалдаушы
Алматы облысы, Іле ауданы