Биылғы жылымыз да тарихи оқиғаларымен басталуда. Өмір заңдылығы деп бағалауымыз керек. Наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын ұйымшылықпен өткіздік. Көпшілік мемлекетіміздің баянды болашағы үшін өз таңдауын жасады. Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҮІІІ сайланған Парламенттің бірінші сессиясында «Еліміздің мақсаты – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа емес. Баршамыз табанды, еңбекқор, білікті, ұқыпты, тәртіпті болуымыз керек. Ең алдымен, отаншыл болуымыз керек. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруы тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн», – деп атап айтты. Мемлекет басшысының тұжырымды сөзі әркімге ой салуы қажет. Елдік мәселелердің биік тұрғаны жөн. Кешелі бері елімізде бензиннің бағасы көтеріліпті деп жатыр. Бүгінде жетпістен асқан жасымыз бар. Көпті көріп келеміз. Болып жатқан дүниелерге байыппен қараймыз. Дәл осы бензин бағасының бір орнында тұрып қалғанын көрген жоқпыз. Жыл өткен сайын, заман жаңарған сайын, ұрпақтар ауысқан сайын бензиннің бағасы өзгеріп тұрады. Мұны да соның бір көрінісі деген дұрыс. Бұл неге өйтті, бұл неге бүйтпеді деп бүйректен сирақ шығармасақ екен. Болған іске түсіністікпен қарайық. Әлемде болып жатқан оқиғалар, ахуал бәрі-бәрі сайып келгенде, бензиннің, басқаның бағасына әсерін тигізбей тұрмайды. Жақсы күндеріміз алда болсын! Жақсылықтан үмітімізді үзбейік!
Сабыр Досымбеков,
Кеген ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы