Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Алматы облысына сапары аясында облыс әкімдігінде болып, Қонаев қаланың бас жоспарымен танысты. Алтай Көлгіновтің қатысуымен өткен жиынды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ашып, қазіргі таңда шешімі табылмай тұрған саяжай мәселесін алға тартты.
– Облыста 183 мың адам саяжайда тұрады. Жалпы облысымызда 674 саяжай алабы бар. Онда әлеуметтік нысандарды салып, халыққа жайлы жағдай жасау үшін саяжайларды елді мекен қатарына қосу керек. Бүгінгі таңда 270 саяжай алабына елді мекен мәртебесін беру жоспарланып отыр, – деген облыс басшысы осы ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұрады.
Бұл тақырыпты тарқата түскен облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов елді мекен қатарына енбегендіктен саяжайларды электрмен, сумен қамту қызметтеріне тариф бекітілмегенін, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу мүмкін болмай отырғанын айтып, оны шешу жолы саяжайларды жақын маңдағы елді мекендерге қосу екеніне тоқталды.
Мәселені тыңдаған Премьер-министрдің орынбасары саяжай мәселесін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша шешуді ұсынды.
– Бұл аумақтарда халық тұрақты қоныстанған. Сондықтан облыстың кешенді жоспарына бұл мәселені енгізу қажет. Сонымен қатар қала құрылысы жобаларын қайта қарастыру керек. Өйткені, елдімекенге қосу кезінде тұрғындар міндетті түрде жері үшін өтемақы сұрайды. Саяжайлардың мәселесін «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы да шешуге болады», – деді Алтай Көлгінов.