Қонаев қаласында «AMANAT» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «QAISAR» әскери-патриоттық ойынының іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа 10 және 11-сыныптардың 90-нан астам оқушысы қатысты.
Аумақтың барлық жоғары сынып оқушылары «QAISAR»-дың финалына шығу үшін нағыз әскери өмірдің қыр-сыры қамтылған жүгіру мен кедергілер жолағы арқылы сайыстарға түсіп, «Менің елім – Қазақстан» тақырыбында викторина сұрақтарына жауап берді.
Жарыс 58012 әскери бөлімшесінде Алматы облысы білім басқармасының қолдауымен өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру.
«Партия жобасының негізгі міндеті – жастардың бойында қазақстандық патриотизмді дамыту. Бүгін әр мектептен 10-нан аса команда қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры: 1 орын – 100 мың теңге, 2 орын – 60 мың теңге, 3 орын – 30 мың теңгені құрады», – деді «AMANAT» жастар қанатының төрағасы Әсел Заирова.
Айта кетейік, биыл 3-6 мамыр күндері Астана қаласында республикалық ақтық кезең өтеді. Оған Алматы облысынан 6 финалист қатысады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталады.
Alatau News