Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен Еңбекшіқазақ ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Журналистер Еңбекшіқазақ ауданындағы бірқатар кәсіпорынды аралап, аграрлық салада қолға алынған озық технологиямен танысты.
Ең алдымен аудандық әкімдікте баспасөз конференциясы өтті. Онда аудан әкімі Алтай Досымбаев ауыл шаруашылығында атқарылған ілкімді істерді баяндай келіп, алдағы жоспарларға тоқталды.
– Былтыр аталған салада жалпы өнім көлемі 191млрд 101 млн теңгені құрады. Биыл бұл көрсеткіш 201 млрд теңге болады деп межелеп отырмыз, – деді аудан әкімі.
Өңірде 10454 шаруа қожалығы мен кәсіпкер тіркелген. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 493 мың гектар. Оның 86 мыңы егістік жер болса, 348,2 мың гектары жайылым жер. Әкімнің айтуынша, көктемгі дала жұмыстары ойдағыдай жүріп жатыр. Бүгінгі таңда 65090 гектар жер жыртылған. Минералды тыңайтқыштар жеткілікті мөлшерде. Осы күнге дейін ауданға қажетті 8 мың тонна тыңайтқыштың 5 мың тоннасы сатып алынған. Шаруашылықтар қосымша 45 техникаға қол жеткізген. Соның арқасында себу жұмыстары мамырдың ортасына дейін толықтай аяқталатынына сенім зор.
Аудан басшысы жыл өткен сайын алма бақтардың саны артып келе жатқанын айтты. Мәселен, 2018 жылы алма бақтарының көлемі 5580 гектар болса, биыл ол 6882 гектарға жеткен. Соның ішінде 2282 гектары интенсивті бақтар. Сонымен қатар ауданда жемістер мен көкөністерді жыл он екі ай сақтауға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде сыйымдылығы 35140 тонна болатын 20 жеміс сақтау қоймасы ашылған. Алдағы уақытта олардың санын еселеу жұмыстары жүйеленіп жатыр.
Баспасөз конференциясында ет, сүт, балық өнімдерін арттырудағы игі істер де кеңінен сөз болды. Әсіресе, соңғы жылдары омарташылық кәсіптің қанат жайғаны көңіл қуантарлық. Жиын барысында аудан әкімі журналистер тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауаптар қайтарды. Биылғы жылы шаруалар үшін су тапшылығы орын алмай ма деген сұраққа Алтай Досымбаев: «Жалпы аудан бойынша 70 мың гектар суармалы жер бар. Бүгінгі таңда 1205 шақырым болатын арық жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары басталды. Облыс әкімінің қолдауымен 6 ауылдық округтегі 357 шақырым болатын суару жүйелеріне жобалық-сметалық құжат дайындауға қаражат бөлінді. Екінші кезеңге 7 ауылдық округ кіріп отыр. Осы жұмыстар рет-ретімен жүзеге асса, біз суды айтарлықтай үнемдейміз. Әрине, судың да сұрауы бар дейтін уақыт келіп жетті. Сондықтан шаруалар тамшылатып суару әдісіне біртіндеп көшіп жатыр. Өйткені бұл технология әр тамшы суды тиімді пайдалана отырып, мол өнім алуға септігін тигізеді» деді әкім.
Осы уақытқа дейін «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 400-ден астам өтінімдер келіп түскен екен. Соның ішінде 56 жоба мақұлданған. Ал 348 жобаның құжаттары қаралу үстінде. Конференция соңында аудан әкімі кәсіп ашамын дейтін азаматтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. Сондықтан осындай мүмкіндікті қалт жібермей, жоспарлаған жұмысын жандандыруға күш салу керек екенін баса айтты.
Бұдан кейін БАҚ өкілдері Есік өзенінің бойында орналасқан «Гидросервис» ЖШС-ға атбасын бұрды. «King fish» компаниясына қарасты бұл шаруашылық форель балығын өсірумен айналысады. Компания директоры Мәрлен Тұрсынәлінің айтуынша мұнда жылына 200 тонна балық өнідіріледі. 30-ға тарта адам жұмыспен қамтылған. Компания мемлекет тарапынан субсидияға қол жеткізіп, кәсібін кеңейтуге жол ашқан. Алдағы уақытта өнім көлемін көбейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар мамандар форель өсіруге ниеттенген отандық кәсіпкерлер санын көбейтуге өзіндік үлес қосуда. «Балық мектебін» ашқандары сондықтан. Жалпы аудан бойынша бүгінгі таңда 6 балық шаруашылығы жұмыс істейді. Биыл тағы 4 кәсіпорын іске қосылмақшы. Соның арқасында өнім көлемін 1200 тоннаға дейін арттыруға жол ашылмақ. Балық өсірудің қыр-сырына қаныққан кәсіпкерлердің еңбегіне жиналғандар риза болды.
Журналистер Есік қаласында орналасқан «Unifruit» компаниясына тиесілі интенсивті бақтардың құрылысына арналған бетон діңгектер шығаратын зауытты да аралап көрді. Өндіріс орнының ашылғанына 4 жылға жуық уақыт болған.
– Бұл Орта Азия бойынша бау-бақша құрылысына қажетті бетон діңгектер шығаратын жалғыз кәсіпорын. Мұндағы жұмыс үдерісі толықтай автоматтандырылған. Италиялық технологияны қолданамыз. Арнайы аппараттың көмегімен дайын болған діңгектерді айтқан мөлшерде тұтынушыға кесіп береміз. Діңгектерге 500 маркалы цемент пайдаланылады. Ішіне сым тартылады. Сапасы еуропалық стандартқа сай, – дейді зауыт директорының орынбасары Бекжан Маратов.
«Unifruit»-тің осындай озық технологияны елге алып келгенінің өзіндік себебі де жоқ емес. Аталған компанияның иелігінде 100 гектарға жуық интенсивті бағы бар. Оған да баспасөз туры барысында көз жеткіздік. Бекжан Маратовтың айтуынша, интенсивті бақ ашуды қолға алған кәсіпкерлер алғашында бетон діңгектерді шет елден тасып әуреге түскен. Өздері де сол күйді бастан кешіріпті. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, әрі өзге әріптестеріне қолайлы жағдай туғызу үшін зауыт ашуға белді бекем буып іске кіріскен екен. Нәтижесінде сұраныс жылдан жылға көбейіп келеді. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдері жаппай тапсырыс беруде.
БАҚ өкілдерінің сапары ары қарай Жаңашар ауылдық округінде орналасқан «Адал» компаниясында жалғасты. Шағын сүт фермасы ғана болып жұмысын бастаған кәсіпорын араға 24 жыл салып бүгінде әлеуеті зор агроөнеркәсіп кешеніне айналған. Нарықта өзіндік брендін қалыптастырған.
– «Адал» компаниясы 660 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда өзіміздің фермамыз, сүт зауытымыз жұмыс істейді. 32 түрлі сүт өнімдерін шығарамыз. Олардың сапасы барлық көрсеткіштер бойынша еуропалық стандартқа сай. Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауымен ферманы кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Егер бұл жобамыз жүзеге асса сауынды сиырлар саны 2000 басқа артатын еді. Күніне 70 тонна сапалы сүт алуға мүмкіндік береді, -дейді компания директорының кеңесшісі Керімтай Абдрахманов. «Адал» компаниясы мал азығын да өздері дайындайды. 3000 гектар суармалы жерге жүгері, соя, бидай, жонышқа дақылдарын өсіреді. Соның арқасында жоғары сапалы сүт өнімдеріне қол жеткізіп отыр.
Бұдан кейін журналистер қауымына Қырбалтабай ауылы аумағындағы «Есік жеміс консервілеу зауытының» жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын директоры Бақыт Болысбаевтың айтуынша, зауытта алма, абрикос шырындары мен пюресі томат пастасы шығарылады. Өздеріне қарасты алқапта жыл сайын 450 гектар қызанақ, 50 гектар асқабақ, 50 гектар бұрыш өсіріледі. Сондай-ақ 125 гектар алма, 205 гектар абрикос ағаштары тағы бар. Зауыт жылына 5700 тонна дайын өнім шығарады. Соның ішінде 2500 тонна томат, 1500 тонна алма пюресі, 1000 тонна абрикос, 500 тонна шырын, 300 тонна асқабақ өнімдері дайындалады. Маусымдық жұмысқа 270 адам тартылады.
БАҚ өкілдері алқапқа арнайы барып, қызанақ көшеттерін отырғызу технологиясын көздерімен көрді. Бұл жұмыстардың бәрін италиялық техника атқарады екен. Тамшылатып суару әдісін тиімді пайдаланып отыр.
Сапар аясында «Агро Балтабай» ЖШС-ның мал бордақылау алаңына да жол түсті. Мұндағы шаруалар да мал басын арттыруды көздеп отыр екен. Жұмыстары жүйелі. Бәрі де талапқа сай. Баспасөз турының соңында журналистерге жолбасшы болған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Бименов өңірдің аграрлық саладағы әлеуетіне тоқталды.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Алатаудың етегінде орналасқан Еңбекшіқазақ ауданының табиғаты сұлулығымен көз тартады. Шыбық қадасаң талға айналатын құнарлы топырағы бар. Өңірдің негізгі бренді алма екені даусыз. Бүгінгі таңда 6500 гектарға созылып жатқан бау-бақшамыз бар. Мемлекеттің қолдауымен шаруалар жаңа технологияларға ден қоя бастады. Интенсивті бақтар саны артып келеді. Соның нәтижесінде мол және сапалы өнім алуға жол ашылды. Суару жүйесі де заманауи әдістерге көшті. Осының бәрі адал еңбектің, маңдай тердің өтеуі, – дейді Бауыржан Бименов.
Аграрлық сала озық технологиялар арқылы ғана алға басады. Біз баспасөз туры барысында еңбек адамдарының жаңашыл бастамаларға ден қойып, оның нәтижесін көріп жатқанына шын көңілден қуандық.
Болат МӘЖИТ,
Еңбекшіқазақ ауданы