Қазіргі таңда Алматы облысының орталығында 50 құтқарушы қызмет етеді. Бұл шомылу маусымында адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Бұл туралы Алматы облысына іссапармен келген төтенше жағдай вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты.
«Шомылу маусымында Қапшағай су қоймасына демалуға 30 мыңдай адам келеді. Ал құтқарушылар саны бар болғаны 50-ден асады. Бұл қауіпсіздікті толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан, су қойманы жағалай орналасқан демалыс орындарының басшылары да халық алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет. Олардың штаттарында құтқарушылар, медициналық қызметкерлер міндетті түрде қарастырылуы тиіс», – деді вице-министр.
Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, демалыс орындарының талапқа сай келуін тексеру мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда кәсіпкерлер заңға сай жауапқа тартылады.
Alatau News