Шынын айту керек, осы мақаланы жазу иә жазбау жөнінде көп ойланғанымыз рас. Ақыры төмендегі сөз болатын мәселелер туралы жеке пікірімізді қағаз бетіне түсіріп, қоғам талқысына ұсыну қажет деген ұйғарымға тоқталдық. Ел білсін. Кімнің кім екеніне көз жеткізсін дедік. Жазуға түрткі болған тағы бір жағдай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Қыдырәлінің кешегі «Ютуб» арнасына берген сұхбаты. «Республикалық қана емес, облыстық, аудандық басылымдарға да қолдау көрсету біздің міндетіміз», – деді министр бір сөзінде. Осы бірауыз сөз бізді жазу үстеліне отырғызды.
БАСЫНАН БАСТАЙЫҚ
Апта басында «Алатау арайы» басшылығы газетке жазылу мәселесі бойынша жолға шықты. Діттеген аудандарымыз – Алматының айналасы. Әуелі ат басын тіреген Іле ауданының басшылары мен қосшылары алыс ауыл тұрғындары алдында есеп беруге кетіпті де, біз уақыт оздырмай Еңбекшіқазақ ауданын бетке алдық. Обалы не керек, біздің бұл сапарымыздан хабардар аудан әкімі Алтай Досымбаев күтіп отыр екен. Орынбасары Қуат Қарабайұлы мен ішкі саясат бөлімі қызметкерін қасына алып, бізбен емен-жарқын сұхбат құрды. Елдің қамын тереңнен ойлайтын парасаттылығын танытып, бірқатар құнды ұсыныстарын ортаға салды. Келешек ұрпақ санасына білім дәнін егуі тиіс ұстаздар қауымының газет-журналдардан мүлде қол үзіп бара жатқанына қатты алаңдаулы екенін де жасырған жоқ. Депутат болып кеткен Оқу-ағарту экс-министрінің мұғалімдерді мерзімді басылымдарға жазылудан құтқарған «қамқорлығының» қазіргі зардаптарын да сауатты талдап берді. Мұндай басшыдан айналып кетпейсің бе?!
«МЕН МІНДЕТТІ ЕМЕСПІН!»
Еңбекшіқазақ ауданы әкімі алдынан таудай болып шыққан көңіл-күй ауанымыз Талғарға келгенде тас-талқан болады деп кім ойлаған? Аудан әкімінің көмекшісі бас редакторды әкімнің қабылдай алмайтынын айтты да, бізді орынбасары Айбек Бидаевқа жіберді. Астанадан келген құрметті қонақты жарты сағат қабылдаған Айбек Дүйсембекұлы бізді кабинетінде тәпішкесін тарпылдатып жүрген күйі құрметті қонағын шығарып салып тұрып қарсы алды!
Осындай жағдайда, әрине, әңгімеміз ә дегеннен жараспады. «Мен сіздердің газеттеріңізге жазылуды ұйымдастыруға міндетті емеспін!» – деді орынбасар салғаннан. Біз: «Қайда келдік өзі?» – дегендей аңтарылып қалдық. «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» демекші, біз орынбасарды «Көмектесуге тырысайын енді…» деген уәжге жалынып жатып келтірдік әйтеуір. Бірақ «қоянның өзін көріп, қалжасынан түңілгендей» болғанымызды жасырып қайтейік?! Облыс идеологиясының тізгінін ұстаушылардың білдей өкілдерін бұлай қарсы алғанда жергілікті тұрғындар мынадай тарпаң шенеуніктің маңына да жолай алмайтын шығар деген ой түйдік.
«ЖЕЛТОҚСАНДА ЖАЗЫЛАМЫЗ…»
Газетке жазылуды насихаттау барысында жолықтырған сорақылықтар бір бұл емес. Өткен аптада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалы Қонаев қалалық кітапханасында «Қазақтану – қазіргі заман мәселесі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Ауқымды тақырыпты әңгіме өзегіне айналдырған алқалы басқосуға бірқауым ел жиналды. Көпшілігі сүт бетіндегі қаймақ саналар зиялылар, мұғалімдер. Масқара болғанда жиналғандардың бірде біреуі «Алатау арайы» газетіне жазылмапты. Араларында жаңадан ашылған облыстық газет атауын естімегендер де бар! Амалсыз реніш білдіріп, бірер сөздің басын қайыруға тура келді. Өз сөзімде облыс көлеміндегі 140-қа жуық кітапхананың біреуіне де «Алатау арайы» газетінің бармайтынын айттым. Жиынға қатысып отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілі Төлеужан Ғұмардың жауабы кісі күлерлік (жыларлық) мағынада болды: «Кешіріңіз, бізге мерзімді басылымдарға жазылуға қаржы тек желтоқсан айында ғана бөлінеді», – деп ақталды облыстық газеттің бірден-бір жанашыры болуы тиіс Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Т.Ғұмар бауырымыз. Яғни, күллі облыс кітапханаларының оқырмандары желтоқсанға дейін аймақ тыныс-тіршілігінің айнасы «Алатау арайын» оқудан мақұрым қалады деген сөз.
КӨРШІЛЕРДІҢ БАСТАМАСЫ
Газетке жазылу науқаны бойынша сабылып жүргенімізді естіген көршім, баспасөз жаңалықтарын қалт жібермейтін оқырмандар қатарындағы Талғат Омаров газет беттеліп жатқанда өзінің бір бастама көтеріп жатқанын қуана хабарлады. Өзі бас болып 15 үй «Алатау арайы» газетіне екінші жартыжылдыққа жазылғалы жатыр екен. Алматының төрінде 15 шақты отбасы жыл аяғына дейін Алматы облысының тыныс-тіршілігінен хабардар болып, жаңадан ашылған облыстың жақсысына сүйініп, жаманына күйінбекші. Талғат бауырымыз бұл әрекетін және жаңа қадам бастаған жас газетке қолдауымыз деп те түсіндірді. Қазір 7 мыңның ар жақ, бер жағында оқырманымыз бар екен. Осы 7 мыңның біреуі өзіңізсіз, қадірлі ОҚЫРМАН! Енді сіз де өз көршіңізді әлде туысыңызды «Алатау арайына» жаздырсаңыз, оқырмандарымыздың саны екі есеге көбеймек! Біздің екінші жартыжылдыққа белгілеп отырған межеміз де сол санның маңайы. Ендеше, іске сәт дейміз, қадірлі ОҚЫРМАН!!!
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
“Алатау арайы” газетінің бас редакторы