Алматы облысында жыл басынан бері 1 314 адам қаңғыбас иттерден жарақат алған. Олардың 711-і 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
– Облыстағы жұмыстар барысында 587 иттің иелері бар екені анықталды. Ит пен мысықты ұстау ережелерін бұзғаны үшін полиция инспекторлары 553 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 367 адамға жалпы сомасы 8,7 млн теңге айыппұл салынды. Қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар мәселесінің алдын алу үшін 2023 жылы бюджеттен 108,2 млн тенге бөлінді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар, жануарларға арналған уақытша ұстау пункттерінің құрылысын жүргізуге облыста 5,3 га жер телімдері бөлінді. Атап айтқанда, Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Райымбек аудандарында жер телімдерінің мемлекеттік актілері дайын, қалған аудандардың мемлекеттік актілері әзірленуде. Қаңғыған жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандырумен айналысатын мекеме тендер арқылы таңдалады. Мәселен, биыл Райымбек ауданында «Optimus» жеке кәсіпкерлігі конкурсты жеңіп алды.
Оған қоса мәселені жүйелі шешу мақсатында Алматы қаласының әкімдігімен екіжақты ынтымақтастық меморандумға қол қойылып, шаһарға жақын жатқан аудандардағы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Баян Мұратбекқызы,
Қонаев қаласы