Жаңадан ашылған Үлкен Алматы айналма жолы (ҮАААЖ) маңында жантүршігерлік жол апаты болды.
Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 18 маусым күні болды. Kia жеңіл көлігінің 29 жастағы жүргізушісі Алматы-Көкпек-Көктал жолында рөлге ие бола алмай, Үлкен Алматы айналма жолына апаратын жолға шығып кеткен. Осыдан кейін ол жаяу жүргіншіні – 51 жастағы ер адамды қағып кеткен. Бұдан соң жеңіл көлік жол бойында тұрған, суаратын ЗИЛ көлігіне соғылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көлік қағып мерт қылған адам суару көлігінің жүргізушісі болған.
«Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші, сондай-ақ, KIA көлігінің 42 жастағы жолаушысы сол жерде қаза болды. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктің жүргізушісі ауруханаға жатқызылып, ол да есін жимастан көз жұмды», – деді полиция.
Сонымен қатар, дене жарақатымен Алматы қаласының ауруханасына тағы бір Kia жолаушысы жатқызылды.
Жол апаты бойынша Талғар аудандық полиция басқармасы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған.
Үлкен Алматы айналма автожолы жол апатынан екі күн бұрын ғана ашылған.