Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында «Бизнеске жол» жобасы басталған болатын. Жобаның мақсаты – бизнес ортадағы әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасауы арқылы кәсіпкерлерге көмек көрсету. Осыған орай, өңірлік коммуникациялар алаңында «Бизнеске жол» жобасын іске асыру барысы туралы брифинг өтті. Брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орынбеков баяндама оқыды.
Серік Құдайбергенұлы Агенттіктің бизнесті қорғау бойынша үш бағытта жұмыс атқарып жатқанын айтты Біріншісі – бизнестің адалдығына ықпал ету шаралары. Екіншісі – кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау шаралары. Үшіншісі – өңірдің ерекшелігін ескере отырып, кәсіпкерлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Баяндамашының айтуынша, кәсіпкерлердің арыз-шағымдары мен сұрақтарына жауап беру үшін мобильді топ құрылған, оның құрамында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері, бизнес-қоғамдастық, «Атамекен» ҰКП өкілдері жұмыс істейді. «Бизнеске жол» жобасын іске асыру басталғаннан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыс бойынша 842-ден астам кәсіпкермен 31 кездесу өткізіп, нәтижесінде кәсіпкерлердің 48 өтініші мен шағымдары қаралған. Одан бөлек, 33 күрделі мәселелер қаралып, оның 20-сы оң шешімін тапты және 2315 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 124 мақала жарияланып, 6 телесюжет жарық көрген. Әрі қарай спикер департамент өкілдерінің кәсіпкерлердің мәселесін шешу барысында жасаған жұмыстарымен бөлісті. Соның бірі «Pure Pack» ЖШС компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру зауытын сумен, электрмен жабдықтау мәселесін шешуге бағытталған. Сонымен қатар «ПромСтрой Қапшағай» ЖШС зауытын электрмен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тауып, зауытты іске қосу үшін жеткілікті 300 кВт электр энергиясы іске қосылған. Болашақта электр энергиясын 2000 кВт-қа дейін жеткізу жоспарда бар екенін айтты.
Кәсіпкерлік – мемлекеттің де, бүкіл азаматтық қоғамның да тұрақты дамуының тірегі. Заманауи технологияларды және халықаралық тәжірибенің жетістіктерін қолдана отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың нәтижелі жүргізілуіне бірігіп атсалысуымыз қажет. Сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға және оны жою бойынша жұмысты күшейтуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыратын уәкілетті орган ретінде облыс аймағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бар үлесімізді қосамыз және әрбір өтініш бойынша мәселенің мәнін жете түсініп, тиісті шешім табатынымызға уәде береміз, – деп сөзін түйіндеді Серік Құдайбергенұлы.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы