Кеген аудандық мәдениет үйінде Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың Ұлы есімдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы болып өтті. Конференция еліміздің ежелгі тарихи-мәдени мұрасын қалпына келтіру, жобаны өткізу арқылы мәдени-тарихи құндылықтарды, ежелгі дәуірдегі археологиялық ескерткіштерді зерделеу және насихаттау, әлемдік мәдениет пен өнер, ұлттық дәстүрлер мен жетістіктерді жаңғырту, дамыту, танымал ету мақсатында ұйымдастырылған. Сонымен қатар бұл ғылыми басқосу тарихи реконструкция саласында жұмыс істейтін тарихшылар, археологтар, өлкетанушылар, қолөнершілер мен реконструкторлардың басын біріктіріп, олардың өзара тәжірибе алмасуына септесуді көздейді.
Айтулы шараға Ресей, Қырғызстан, Монғолия елдерінен тарихшы, шығыстанушы, әдебиетші ғалымдар, Алматы облысы және аудандық әкімдіктің өкілдері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Халықаралық конференцияға қатысушылар назарына Кеген аудандық кітапханасы ұйымдастырған «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты алты бөлімді кітап көрмесі және «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Кеген филиалының деректі құжаттар көрмесі ұсынылды.
Конференцияны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамек Тілеубаев ашып, жүргізіп отырды. Конференция регламенті бекітіліп, әр баяндамашыға 10-15 минутттан уақыт берілді.
Кіріспе сөзді Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Серікқызы Елеусізова алып, конференция қатысушыларына құттықтау сөзін жеткізді.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылбеков «1920-30 жж. әкімшілік-территориялық бөліністер: Алматы облысының Оңтүстік-Шығыс аймағындағы аудандардың орналасу тарихы» атты тақырыпта дайындаған баяндамасын оқыды.
Ресейден келген тарих ғылымдарының докторы, жетекші ғылыми қызметкер, Ресей Ғылым академиясына қарасты Калмык ғылыми орталығының тарих бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы (Ресей Федерациясы, Калмык Республикасы, Элиста қ.) Тепкеев Владимир 18-ғасыр басындағы қазақ-жоңғар соғысынан біраз жайтты әңгімелеп берді.
«Жер-су атауларының тарихи сананы қалыптастырудағы орны мен рөлі» атты тақырыпта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Философия және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков сөз алса, «Кеген өңіріндегі 1916 жылғы көтеріліс мәселелері және Жәйшібек Бектенов» тақырыбында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаевтың баяндамасы көпшілік назарын аударды.
Бішкектегі И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Абдалиева Гүлзада Кошоевна «Кыргыздардын Кытайга аргасыздан качышы (1916-1934 жж.)» тақырыбында сөз қозғады. Мұнан кейін де біраз ғалымдар мінбеде сөз алып, тақырып аясында әңгіме қозғап, ой бөлісті.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих магистрі Рашид Оразов Қарадала өңіріндегі болыстықтардың құрылу тарихына қатысты баяндама жасап, конференцияны қорытындылады.
Шара соңында конференция қонақтарына арнайы ас берілді. Сондай-ақ, конференцияның екінші бөлімінде қонақтар Кеген аудандық өлкетану мұражайына экскурсия жасап, Қарқара ауылындағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің ошағы болған «Ереуілтөбе» монументіне құран бағыштады.
Даурен Абуталипов,
Кеген ауданы