Талғар – Алматы облысындағы әлеуеті үлкен іргелі аудандардың бірі. Халқының саны 200 мыңнан асып барады. Биыл бұл әкімшілік бөліктің құрылғанына 85 жыл толады. Аудан орталығы саналатын Талғар қаласы тұрғындарының саны да 50 мыңға жуықтап қалды. Соған қарамастан, бұл ауданның облыс өнеркәсібіндегі үлесі небәрі 5 пайыз шамасында. Ал, алып шаһар іргесіндегі дәл осындай, тіпті мүмкіндіктері одан да төмен Іле, Қарасай аудандары, сәйкесінше, облыста өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің 42 және 33 пайызын беріп отыр.
Кеңес дәуірінде Алматы тұрғындарының көбі Талғарға қатынап жұмыс істейтін. Өйткені, мұнда ондаған ірі кәсіпорын, автобазалар болды. Өндіріс орындарының көптігі сонша, олар орналасқан көшенің аты да «Промышленная» деп аталатын. Ал қаладағы бір шағынаудан ел аузында қазір де «Автобаза» аталады. Бұл да осындай көлік мекемелерінің көп болғанын айғақтайды.
Ал қазір ше?! Қазір бәрі керісінше! Баяғы үлкен кәсіпорындар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, тоз-тоз болды. Алма бақтарының орнына кең сарайдай зәулім үйлер, көкөніс алқаптарының орнына ірілі-ұсақты нысандар салынып кетті. Ол жекелеген адамдарға ғана пайда әкелмесе, аудан экономикасына тигізген титтей де тиімділігі сезілмейді. Талғар тұрғындарының көбі таңғы сағат 5 болмай Алматыға қарай ағылады. Одан 10-15 минут кешіксе – 1 сағатта баратын жұмыс орнына 2, тіпті 2,5 сағат уақыт кетеді, өйткені, көлік көбейіп, кептеліске тап болады. Кешке жұмыстан қайтқанда да сонша уақыт жолға кетеді. Күніне – орташа 4,5-5 сағат. Үйлеріне ел жата әрең оралады. Қайран, қадірі жоқ алтын уақыт десеңізші! Бәрі жергілікті жерде жұмыстың жоқтығынан! Әйтпесе, сол күнделікті тек жолға кететін 4-5 сағат уақытты басқа пайдалы іске, айталық, денсаулығын күтуге, ұрпақ тәрбиесіне, кітап оқуға, мәдени демалуға, бау-бақшасына қарауға жұмсар еді. Әттең, әттең! Оның орнына қайта керісінше, Алматыға барып-келгенше жүйкені жұқартып, денсаулықты жақсартудың орнына төмендетіп жатырмыз. Ұрпақ тәрбиесі де ақсап тұр. Бау-бақша қараң қалғалы қашан! Қайтсін енді, ептеп-септеп күн көру керек. Ол үшін алыс, мардымсыз болса да, көп уақыт кетсе де жұмыс бар жерге қатынап істеп, табыс табу керек!
Сондықтан тұрғындар ерте тұрып алып, кейде тіпті беті қолын жуып, таңғы асын да ішпестен жолға шығады. Шығады да бәрі оң қолдары кеуде тұсында, тап бір домбырада «Адай» күйін тартып жатқандай, ерсілі-қарсылы жоғары-төмен сілтеп, Алматы жақты көрсетіп тұрады. Күндегісі осы. Соның өзінде жайбарақат кете алмайды. Қала орталығы саналатын Талғар өзенінен өте берістегі Қонаев, Ломоносов көшелердің қиылысында жиналған жұртты қызметтік көліктерде жүретін жол полициясы қызметкерлері сағат 7-7,5-дарға дейін тырқыратып қуғаны-қуған. Егер бірді-екілі көлік жол-жөнекей бірнеше адамды алып кеткісі келіп тоқтай қалса, онда олардың Құдайының бергені! Айыппұл рәсімдеп, «көлігіңді автотұраққа алып кетеміз» деп әбден әуре-сарсаңға салады.
Ал Алматыға тура қатынайтын №207 бағыттағы және Құлжа күрежолымен қатынайтын №203 бағыттағы қоғамдық көліктер халқының басым бөлігі алып шаһарға қатынап жұмыс істейтін Талғар тұрғындарын тасымалдап үлгере алмайды. Олардың аялдамалары да дұрыс белгіленбеген, жаяу жүргіншілер көп жүретін жерлерде бағдаршамды айтпағанда, жол белгілерінің өзі жоқ.
Мысалы, Алматының іргесіндегі Гүлдаладан бастап, Қызыл Ту, Панфилов, Еңбекші, Бәйтерек, Талғар саяжайлары, Ақтас, Кеңдала ауылдарының тұрғындары аудандық орталық ауруханаға бару үшін №203 бағыттағы көліке отырады. Аурухана Талғар қаласындағы Мұратбаев көшесінде орналасқан. Бірақ бұл көшенің әлгі автобус жүріп өтетін Ломоносов көшесімен қиылысында аялдама жоқ. Ол одан екі көше жоғары, Алтай көшесімен қиылыста белгіленген. Сол себепті, ауруханаға бару үшін онсыз да жарты шақырымнан көбірек жаяу жүретін жолаушыларға тағы біраз жер кері қарай жүруге тура келеді. Айтатын сылтаулары – көше тар, ол жерде тоқтауға болмайды! Сонда бұдан да тар және көлік қозғалысы бірнеше есе көп Алматы қаласындағы, оның үстіне Талғарға қатынайтын №203, №207 бағыттағы қоғамдық көліктің екеуі де жүріп өтетін Райымбек даңғылымен қиылысатын Жангелдин көшесінің екі жағындағы аялдама қалай белгіленген?! Әлде, Алматы қаласындағы заң мен тәртіп облыстағыдан өзгеше ме?!
Ал, орталық аурухана жанындағы Павлов және Мұратбаев көшелері – күні бойы көлік құрдай жорғалайтын қозғалысы көп көше. Оның үстіне бұл маңайда үш балабақша, екі мектеп, екі медицина колледжі бар. Соған қарамастан, бұл қиылыста бағдаршамды айтпағанда, не жол таңбасы, не жол белгісі жоқ! Әрлі-берлі асыққан көлік жүргізушілері өздерін үстем сезініп, жаяу жүргіншілерге, тіпті балалы жолаушылар мен мүгедек жандардың өзіне көп жағдайда жол бере бермейді. Бұл жағдай сол маңайдағы тұрғындарды ғана емес, ауруханаға келіп-кететін бүкіл аудан тұрғындарының наразылығын тудырып жатқалы қашан?!
2022 жылдың желтоқсан айында тұрғындармен кездескен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аудан басшылығына біраз сын-пікірлер айтқан еді. Аймақ басшысы, әсіресе, ауданда егіс алқаптарының 5,2 мың гектарға азайып кеткенін, Іле, Қарасай аудандарымен салыстырғанда Талғар ауданы өнеркәсіп өнімдерін өндіруде 6-8 есе артта қалып отырғанын ерекше ескерткен болатын.
– Ауданда 2,6 мың басқа арналған 4 бордақылау алаңы және 5,7 мың басқа арналған 8 сүт-тауар фермасы бар. Бірақ соның ішінде «Хайроев» шаруа қожалығының 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен «Ниязов Санат» жеке кәсіпкердің 100 басқа арналған сүт фермасы жұмыс істемей тұр. Талғар ауданы Алматы агломерациясының аймағында орналасқандықтан, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде басым бағыт алуы тиіс, – деген еді сол жиында Марат Елеусізұлы.
Сондай-ақ, ол ауданда туризм саласын дамытуға айрықша назар аудару қажеттігін де қадап айтқан-ды. Осыдан-ақ аудан экономикасының, әсіресе елдің асыраушысы саналатын ауылдар мен ауыл шаруашылығының жағдайын шамалай беруге болады. Тіпті, өндірілді деп берілетін ресми статистиканың өзі күмәнді. Өйткені, қазір біздегі «қосып жазу» (приписка) дегеніңіз кеңес өкіметі тұсындағы брежневтік «тоқырау» дәуірінен асып түспесе, кем емес дейді білетіндер.
Есесіне, Талғар ауданында тойхана, мейрамхана, салтанат сарайлары дегендеріңіз бірнеше облыстағы осындай мерекелік шараларды өткізетін орындарды қосып санағандағыдан асып түсетіні күмәнсіз. Талғар автобекетінен Алматының шығысындағы «Думан» шағынауданына дейінгі бар-жоғы 20 шақырым аралықта олардың саны 100-ге жуықтап қалды. Соның ішінде тек «Диана», «Қуаныш» деп аталатын алты-алтыдан, «Арлан» деп аталатын төрт мейрамхана бар. Ал, Бесағаш, Тұздыбастау ауылдарының түйіскен тұсынан Алматы әуежайына қарай созылатын Бұқтырма көшесінің оң жағы тек қана мейрамханалар қалашығы!
Мұның бәрі нені көрсетеді? Ауданды басқарған бұрынғы басшылардың бәрі дерлік жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты жұмыспен қамтуды, оның табысын арттыруды ойламады деуге болады. Олардың көбі биліктегі ықпалды адамдар мен байшыкештерге жер бөліп беру және жер сатумен айналысқанын көпшілік біледі. Оны жер дауына байланысты ауданның бірнеше басшысы мен орынбасарлары істі болғаны да дәлелдейді.
Әділдік үшін айта кетейік, ауданды аз ғана уақыт басқарған марқұм Жолан Омаров біраз жұмыс бастап еді. Көптеген көшелерге асфальт төселіп, қаланың ажарын кетіріп тұрған ескі ғимараттар сүрілді, ондаған балалар ауласы салынып, бүлдіршіндердің емін-еркін ойнап, демалуына жағдай жасалды. Көпқабатты үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды. Оның тұсында басталған аудандық орталық аурухана аймағындағы үш, алты, жеті, тоғызқабатты тұрғын үй кешендерінің құрылысы да қарқынды жүрген еді. Халық біраз желпініп, жақсы өзгерістер болатынына үміт те оянған. Амал не, көз тиді ме, қол тиді ме, белгісіз – оның өмірі қысқа болды!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындарын құру мен халықтың табысын арттыруды басты міндеттердің бірі ретінде қойып отыр. Соған қарамастан, Талғар ауданында бұл мәселелердің шешілуі тым баяу. Жаңа құрылыстарды айтпағанда, бұрынғы басталғандарының өзі баяулап қалды. Ал баға шарықтап барады, табыс азаймаса, көбейіп жатқан жоқ!
Осыған орай, тұрғындардың тілегі – жаңадан тағайындалған аудан және қала басшылары Президент тапсырған міндеттерді тиянақты орындауды қолға алса екен! Әсіресе, қолдан келетін қарапайым істер дер кезінде және тұрғындарға ыңғайлы болатындай етіп шешілсе! Айталық, жол таңбалары мен белгілерін қою, бағдаршам орнату, аялдамаларды жолаушылар көлікке көбірек мініп-түсетін тұстардан белгілеудің аса бір қиындығы жоқ қой!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы