Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі cел жүруі мүмкін деген қауіппен тас жолдың Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі бөлігін уақытша жабу туралы шешім қабылдады.
«Қазгидромет» мекемесі синоптиктерінің болжамы бойынша, ұлттық парк аумағында сел жүруі ықтимал. Туристердің қауіпсіздігі үшін екі нысанға апаратын жол 1 тамызға дейін жабылды.
«2023 жылғы 27 шілде мен 2023 жылғы 1 тамыз аралығында Есік көліне апаратын тас жол мен Түрген – Обсерватория тас жолы бойындағы бақылау-өткізу бекеттерінен қауіпті аймақтарға көліктердің өтуіне шектеу қойылды», – деп хабарлады аудан әкімдігі.
Өткен демалыс күндері Еңбекшіқазақ ауданында сел жолды шайып кетті. Құтқарушылар жоғалған 14 туристі түні бойы іздеп, абырой болғанда барлығы аман-есен табылған.
Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті 28-29 шілде күндері облыстың басым бөлігінде аптап ыстық сақталатынын, таулы аудандарының кей жерлерінде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайтынын ескертіп, тұрғындарға тауға шықпауға кеңес берген.