«Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептердің іші 100 пайыз отандық жиһазбен жабдықталады. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жиһаздарға қойылатын талаптар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Қазақстанның жиһаз қауымдастығы өкілдерімен бірлесіп келісілген. Министрлік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Атамекен» ҰКП мен жиһаз қауымдастығы кіріп отыр.
Жұмыс тобы жайлы мектептерге арналған жиһаздардың сапасы мен қауіпсіздігіне баса назар аударып, бірыңғай талаптар әзірледі.
«Жұмыс тобы әзірлеген талаптар жайлы мектеп салуға жауапты оператор – «Самұрық-Қазына» ұлттық компаниясына жіберілді. Айта кету керек, мектеп жиһаздары 100 пайыз отандық өнім болады. Мектеп жиһаздары отандық тауар өнідірушілердің тізімінде тіркелген жеке және заңды тұлғалардан сатып алынады», – деді министрдің орынбасары Еділ Оспан.