Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлгінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Биылғы оқу жылынан бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушы, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтандыруды ұйымдастыру жоспарлануда», – деп жазылған Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.
Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды.
«Алдыңғы жылдары 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6% құрады. Бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары. Қалған өңірлердің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100% көрсеткішке қол жеткізілетін болады», – деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Дана Мақтаева.