Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылы елімізде атом электр станциясын салатын ең қолайлы орын ретінде таңдалды. АЭС салуға таңдалған ауыл Балқаш көлінің маңында орналасқан. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеу туралы тапсырмасы бойынша АЭС салынатын орынды айқындау, реактор технологиялары мен оның қуатын анықтау жұмыстарының қорытындысында қабылданған.
Елімізде салынатын алғашқы АЭС-те бұған дейін сынақтан сәтті өтіп, қолданыста тексерілген технологияны таңдау жағына баса мән беріліп отыр. Осыған байланысты ядролық технология саласында HPR-1000 реакторы бар Қытайдың CNNC компаниясы, APR-1400 реакторы бар Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясы, ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресейдің «Росатом» компаниясы және EPR-1200 реакторы бар Францияның EDF компаниясы енгізілген тізім жасақталды.
Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда ведомствоаралық комиссияның атом саласын дамыту жөніндегі отырысында қаралып, мақұлданған.
Қазақстанның «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңына сәйкес, ядролық қондырғыларды салу және оның салынатын ауданын белгілеу туралы шешімді Үкімет қабылдайды. Бұл үшін АЭС салынатын аймақтағы жергілікті өкілді орган – мәслихаттың келісімі қажет.
Бұл ретте былтыр қараша айында Алматы облысының мәслихаты аудан тұрғындары қолдаған жағдайда Жамбыл ауданы аумағында АЭС салуға келісім беру туралы шешім қабылдаған.
Бұдан соң Алматы облысының әкімдігі жария талқылау өткізуге бастама көтерген.