Елімізде спорттың барлық АҚЫЛ-ОЙДЫҢ ОЙЫНЫ Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023- 2027 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, бұқаралық спорт түрі ретінде бұл ойынды мектеп бағдарламасына енгізу көзделген.
Биыл біздің елімізде өткен тартысты сайыста әлем чемпионы атағын жеңіп алған қытайлық гроссмейстер Дин Лиженьді қабылдап, құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда шахматты дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін айтты. «Бүгінде елімізде 200 мыңнан аса адам шахматпен шұғылданады. Қазақстан Республикасы Шахмат Федерациясының көмегімен және ФИДЕ-нің (Халықаралық шахмат федерациясы) атсалуымен бұл көрсеткіш кемінде екі есе артуға тиіс. Қазақстанда шахмат тиісті деңгейде дамиды», – деді Мемлекет басшысы.
Аталған бағдарламаға сәйкес, бастауыш сынып оқушыларының 20 пайызын шахматпен қамту, білім беру ұйымдарында кемінде 200 шахмат клубын ашу, келешекте ел құрамасын шахматтан әлемнің ең үздік 10 командасының қатарына енгізу көзделген. Осы мақсатқа жету үшін 20 жасқа дейінгі қазақстандық шахматшылардың «халықаралық гроссмейстер» атағын алуы, әлем және Азия чемпионаттарында, шахмат олимпиадасында, басқа да ресми жарыстарда біздің шахматшылар жеңетін медальдар саны ұлғаюы тиіс. Сондықтан, шахмат ойынын үйрететін кемінде 500 педагог даярлау, 250 маманды қайта даярлау және біліктілігін арттыру міндеті қойылып отыр.
Алатау баурайында орналасқан Талғар қаласында да шахматтың ұзақ та нәтижелі тарихы бар.
– Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап, біздің ауданда оқушылар, жалпы көпшілік арасында шахмат ойынын кең насихаттап, дамытуда Талғар ауыл шаруашылығы техникумының математика пәні мұғалімі Асан Аралбаев бастаған ағаларымыз үлкен үлес қосты. Оның бер жағында №1 мектептің директоры Иосиф Вартельский, орыс тілі мен тарих пәнінің мұғалімі Халил Галиакперов, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Антон Хапсалис деген азаматтар салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулуға, әсіресе, шахмат ойынын дамытуға зор еңбек сіңірді, – дейді Талғар аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, шахматтан бірнеше мәрте облыстық жарыстардың жеңімпазы Ахат Солтанқұлов.
– Жанашыр азаматтар Талғардай шағын қалада шахмат ойынын биік белеске көтерді. Сол жылдары біздің С.Орлов, И.Митрофанов, С.Сайболатов есімді балалар оқушылар арасында өткен жарыстарда бірінші және екінші орындарды жеңіп алып, Қазақстан бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Талғардағы жарыстардың көбі №1 мектепте өтетін. Қазіргі аудандық шахмат федерациясының президенті Сәрсен Жанқуатов сол кезде оқушы болатын. Әкесі шахматты жақсы ойнаушы еді. Содан баласын баулып, міне енді ол өзі де шебер шахматшы атанып, балалар арасында шахматты насихаттап, дамыту бойынша белсенді еңбек етіп жүр.
Панфилов атындағы кеңшарда Овчоғлы дейтін кісі болды. Ол ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің арасында ылғи жеңімпаз атанып немесе жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Сондай-ақ, Тұрысбек Нұрғалиев деген ағамыз бар, мамандығы – инженер. Кезінде Медеу су бөгенін, Қапшағай ГЭС-ін салуға қатысып, осы алып нысандардың құрылысына үлкен үлес қосқан еңбек ардагері. Ол кісінің шахматты насихаттау мен дамытуға қосқан үлесі де зор. Спорт шеберлігіне кандидат дәрежесіне жетіп, ардагерлер арасында Алматы облысының чемпионы атанды. Ал Николай Орлов деген азамат медицина саласы қызметкерлерінің арасында республика көлемінде үнемі алғашқы бестікте жүрді. Оның баласы оқушылар арасындағы үздік ойыншылардың бірі болды. Дәл сондай үздік оқушымыз С.Сайболатов болса, қазір Бельгия елінде шахматтан мектеп ашып, еуропалық балаларды баулып жүр. Өзі осы ел гроссмейстерлері арасында үздік отыздыққа кіреді, – дейді Ахат ақсақал.
Ақсақалдың айтуынша, өткен ғасырдың 70-80-жылдары шахматтан жиі жарыстар өтетін. Ал 90-жылдардың ортасынан бастап, ауданда шахматтың деңгейі төмендеп кеткен. Ақсақал өзі де он жылдай аудандық федерацияны басқарған. «Қолдан келгенше әртүрлі жарыстар өткізіп тұрдық. Бірақ бұрынғы деңгейге жете қойған жоқпыз. Қазір Қазақстанда шахматты дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл жайында айтты. 2027 жылға дейін Қазақстан шахматтан алғашқы 10 елдің қатарына кіруі керек. Бұл – дер кезінде алға қойған үлкен мақсат, ел билігі тарапынан қолға алынған байыпты да байсалды саясат деп есептеймін. Неге? Өйткені, шахмат – ақыл-ойды дамытатын ойын. Біз келешегіміз білімді жастардың қолында дейміз. Ал білім ақыл-ойға, сапалы тәрбиеге келіп тіреледі. Сондықтан да балабақшадан, төрт жастан бастап шахматқа үйрету қолға алынғалы отыр. Осы мақсатта 800-дей педагог, маман даярланбақ. Ғимараттар салынып, клубтар ашылмақ. Қазір Талғар қаласында мектебі бар, жекеменшігі бар, 10 клубта балаларға шахмат үйретіледі. Белбұлақ, Бесағаш, Тұздыбастау, Панфилов ауылдарында аздап болса да балаларды шахмат ойынына тарту басталып жатыр. Бірақ әрбір мектепте, әрбір балабақшада жоқ. Мысалы, Туғанбай, Нұра, Өзтемір, Жаңалық, Бесқайнар сияқты алыс ауылдарда шахмат клубтары ұйымдастырылмаған. Енді барлық ауылдарда, мектептерде, балабақшаларда ашылады деп үміттенемін. Өйткені, мұны ел билігі қолға алып отыр. Оның үстіне қазір балалар бұрынғыдай кітап оқып, еңбекпен айналыса бермейді, көбіне телефонға үңіліп, алтын уақыттарын жоғалтып жатыр. Ал шахмат – ақыл-ойды дамыту, балалардың денсаулығы, тәрбие тұрғысынан өте маңызды», – дейді Ахат атамыз.
Иә, 11 жасында әкесі қайтыс болып, қиындықты көп көрген, тіпті, «тәрбиесі қиын бала» атанған, бүгінде үлкен бір ауданның ақсақалдар алқасының төрағасы болып отырған қазыналы қария Ахат Әлімжанұлы кітапты көп оқып, спортпен айналысқанының, шахматпен әуестенгенінің арқасында қоғамдық және мәдени өмірге белсене қатысып, үлкен жетістіктерге жетті. Демалыс үйінің директоры, Тұрар Рысқұлов атындағы ұжымшар басшысы, «СПТУ – 20» директоры, Талғар қаласының әкімі болып басшылық қызметтер атқарды. Он жыл футбол федерациясын, тағы он жыл шахмат федерациясын басқарып, өңірде спорт түрлерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, 70 жастан асқанына қарамай, қазіргі күнде де балаларға шахмат ойынының қыр-сырын жалықпай үйретіп келеді. Лайым, шәкірттеріңіз әрқашан жеңіс тұғырынан көрініп, тек қуаныш сыйлай берсін! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, Ахат аға!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы