Талғар қаласындағы №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынғали Еділовтің жүлдесі үшін бокстан 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында турнир өтті.
Аталған жарысқа Өзбекстан Республикасы мен Алматы қаласы, Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы облысының Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ, Іле, Қарасай, Талғар аудандарының командалары қатысты.
Әйгілі бапкердің жүлдесі үшін ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатына Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерболат Сарабеков, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт қайраткері, қазақ боксының ардагері, Алматы облысы бокс федерациясының Құрметті президенті Мәдихан Сауданбеков, Ресей халықаралық жекпе-жек өнері конфедерациясының вице-президенті, Еңбек сіңірген жаттықтырушы, «Динамо-Грозный» жекпе-жек спорт клубының басшысы Усман Дигаев, бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ермахан Ибраимов, Талғар ауданының Құрметті азаматы, мәслихат депутаты Баубек Байсабаев, №2 спорт мектебінің директоры Айгүл Битуова, бокстан Азия және Полиция қызметкерлері арасында Әлем чемпионы Өміржан Абдрахманов келді.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков спортшылар мен спорт ардагерлерін құттықтап, оларды Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады.
«Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Талғар ауданында 2022 жылдан бастап Бұқаралық спорт орталығы құрылып, жұмыс істеп келеді.
2023 жылы ауданымыздағы жалпы халық саны 240 022 адам болса, оның ішінде спортпен шұғылданушылардың саны 78 007-ге жетті, яғни, аудандағы жалпы халық санының 32,5 пайызын құрады. Ауданда биылғы жылы 231 республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, 18 мыңнан аса адам қамтылды», – деді аудан басшысы.
Одан кейін сөз алған Ерболат Сарабекұлы, Мадихан Сауданбеков, Усман Дигаев, Ермахан Ибраимов, Тұрынғали Еділов те жарыс қатысушылары мен жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
«Сидней Олимпиадасы кезінде Тұрсынғали Нұржақыпұлы мені арқамнан қағып: «Ермахан, мықты бол, чемпион бол! Сенің артыңда бүкіл қазақ елі тұр!» – деп рухтандырып, жеңіске деген жігерімді жанып, бар күшімді салуға құлшындырды. Соның арқасында чемпион болып, осындай балаларды тәрбиелеп келе жатырмыз. Қазақстанның болашағы сіздер! Сіздердің араларыңызда болашақ чемпиондар бар. Ертең жетістікке жеткен кезде: «Біз жеңісті жолымызды Тұрсынғали Еділовтің жүлдесі үшін өткен турнирден бастағанбыз», – деп еске алатын боласыздар! Бәріңізге сәттілік, төрешілерге әділдік тілеймін», – деген Ермахан Ибраимов жиналған жұрттың рухын бір көтеріп тастады.
Ал КСРО спорт шебері, бокстан үш дүркін ел чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Тұрсынғали Еділов осы турнирді ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Алматы облысы мен Талғар ауданының әкімдіктеріне алғысын білдірді.
«Сидней Олимпиадасындағы жеңіс тек қана Ермаханның немесе менің жеңісім емес, бұл – бүкіл Қазақстанның жеңісі! Неге десеңіз, сол кезде 12 күн бойы ел қоржынына медаль түспей, қазақ жұртшылығының көңіл-күйі болмай тұрған кезде, боксшылар сенімді ақтап, құрама командамыз үлкен абыройға кенелді. Сендерге де мына Ермаханның, Мұхтарханның, Болат Жұмаділовтің, Бекзат Саттархановтың жеңісін берсін! Олар аспаннан салбырап түскен жоқ, үлкен еңбек, жалықпай жаттығу, ел намысы үшін күрес жолында осындай жетістікке жетті, абыройға кенелді. Олимпиаданың чемпионы болыңдар!» – деді әйгілі бапкер Тұрсынғали Еділов.
Осымен екінші мәрте өтіп отырған турнирде жас боксшылар шеберліктерін жан-жақты көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша мына спортшылар жүлделі орындарға қол жеткізді.
33 келі
1-орын – Абылай Досымбеков (Алматы қаласы)
2-орын – Бекарыс Сержантұлы (Талғар ауданы)
3-орын – Амир Мұқаш (Талғар ауданы)
35 келі
1-орын – Айқын Нұрлыбек (Алматы қаласы)
2-орын – Айбын Сұлтанмұрат (Алматы қаласы)
3-орын – Нұрсұлтан Әмірхан, Тасболат Еламан (Еңбекшіқазақ ауданы)
37 келі
1-орын – Тамерлан Сман (Талғар ауданы)
2-орын – Азамат Мұхтар (Талғар ауданы)
3-орын – Ерсайын Махмұт, Бейбарыс Асқарбек (Талғар ауданы)
40 келі
1-орын – Сайдахрор Мирзрахимов (Өзбекстан)
2-орын – Абдулла Талғатұлы (Талғар ауданы)
3-орын – Мейіржан Телқозы (Қарасай ауданы), Алдияр Рахатұлы (Еңбекшіқазақ)
43 келі
1-орын – Ельдар Наурызбеков (Қонаев қаласы)
2-орын – Абдулатив Иброхимжанов (Өзбекстан)
3-орын – Жандәулет Құттыбаев, Ерасыл Қажымұқан (Жігер БЖСМ)
46 келі
1-орын – Нұржан Кушанов (Жігер БЖСМ)
2-орын – Мансұр Нұрамбеков (Еңбекшіқазақ ауданы)
3-орын – Мұхамед Сидиков (Өзбекстан), Елемес Мейірлан (Жігер БЖСМ)
49 келі
1-орын – Алихан Таубалды (Іле ауданы)
2-орын – Арлан Бақытжан (Талғар ауданы)
3-орын – Рамазан Тоғыс (Жігер БЖСМ)
52 келі
1-орын – Абубакр Соййбжан (Өзбекстан)
2-орын – Айқын Исмаил (Түркістан облысы)
3-орын – Әлібек Бекмұратұлы (Жігер БЖСМ), Алдияр Қосмағамбетов (Талғар ауданы)
55 келі
1-орын – Бекжан Бейбіт (Талғар ауданы)
2-орын – Әділбек Жексенби (Талғар ауданы)
3-орын – Жансұлтан Қалымбектов (Жігер БЖСМ), Мерей Дүйсенбаев (Талғар ауданы)
58 келі
1-орын – Бобуршох Адохонжанов (Өзбекстан)
2-орын – Ерсұлтан Елубай (Алматы)
3-орын – Ислам Тохтамыс (Талғар), Нұрбол Ахмет (Жігер)
61 келі
1-орын – Алинұр Жабаев (Талғар)
2-орын – Зариф Алисұлтанов (Алматы)
3-орын – Мансұр Мұхатұлы (Алматы, Мирас Серік
64 келі
1-орын – Мейірхан Сейтхан (Түркістан облысы)
2-орын – Дінмұхамед Елмұратұлы (Талғар)
3-орын – Ярмұхамед Масимов, Айбын Мажит (Талғар ауданы)
70 келі
1-орын Алмат Дүйсенов (Талғар)
2-орын – Хуршид Журеав (Өзбекстан)
3-орын – Мейірбек Дінмұхамед, Жалғас Амиров (Еңбекшіқазақ ауданы)
+70 келі
1-орын – Мейіржан Пошанбеков (Алматы облысы)
2-орын – Нұрмұлтан Кемелхан (Алматы қаласы
3-орын – Темірлан Сәкенұлы (Маңғыстау), Ислам Мұхаметқали (Талғар)
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ