15 қыркүйектен бастап 15 қарашаға дейін медициналық-санитариялық алғашқы көмек алу үшін емханаға тіркеу жүргізіледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады. Электронды цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар www.egov.kz веб-порталы арқылы тіркеле алады. Ол үшін денсаулық сақтау бөліміндегі «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы мәліметті мемлекеттік ақпараттық жүйеден автоматты түрде алады. Операция сәтті өткен жағдайда азаматқа медициналық ұйымның электронды цифрлық қолтаңбасы қойылған тіркеу туралы хабарлама беріледі. Сондай-ақ, халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға жүгіну арқылы тіркелеуге болады. Ол үшін өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедектікке тағайындалғандар, патронат тәрбиешілер, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді рәсімдейтін адамдар жатады. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды.
Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелуі қажет.
Заңға сәйкес, мемлекет базалық пакет шеңберінде келесі медициналық қызметтерге тегін кепілдік береді. Олар: әлеуметтік маңызы бар аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезіндегі медициналық көмек, тасымалдау, оның ішінде, санавиация кезінде, жедел жәрдем қызметі, профилактикалық екпелер, репродуктивті денсаулықты сақтау бойынша іс-шаралар, жүкті әйелдерді және босанған әйелдерді бақылау, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық тексеру, жарақаттар, улану немесе басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі медициналық қызметтер, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін ауруларды емдеу.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі келесі медициналық қызметтерді қамтиды: профилактикалық медициналық тексерулер, учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша бейінді дәрігерлердің қабылдауы және кеңестері, мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық байқауы, халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету, диагностикалық қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика, стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен қамтамасыз ету.
Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі стоматологиялық қызметтер барлығына қол жетімді емес. Мысалы, жоспарлы стоматологиялық көмекті балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Шұғыл ауырсыну болған жағдайда тек қана балалар мен жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, мүгедектерге және оларға күтім жасайтын адамдарға, жұқпалы аурулары бар пациенттерге, көпбалалы аналар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға көмек көрсетіледі.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА