Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша жол апаты жиі тіркелетін аймақтарды және жол апатының негізгі себебін атады.
Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жол апатына қатысты статистикалық мәліметтер келтірді.
«Биыл елімізде жол апаты көрсеткіші төмендеді. Атап айтқанда, жол-көлік оқиғалары 13 пайызға , ал апаттан жарақат алғандар 16 пайызға азайды. Сонымен қатар жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны да азайды. Мамандар 2 мыңға жуық адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалды. Дегенмен жол апатының азаюына қарамастан, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апат көрсенткіші жоғары. Негізгі себептердің бірі – жолдар мен оның инфрақұрылымдық жағдайы», – деді Марат Қожаев.
Оның айтуынша, статистикаға сәйкес жол-көлік апаттарының 73 пайызы елді мекендерде болады.
«Соңғы жылдары заманауи магистральдар салынып жатыр. Бұл жол қауіпсіздігіне оң әсер етіп отыр. Мәселен, 15 жыл бұрын жолда 4 мыңнан астам адам қаза болатын, қазір 2 есе азайды. Ал магистральды тасжолдардың жекелеген учаскелерінде өлім саны 6 есе қысқарды. Мәселен, «Астана-Щучинск» тасжолын бірінші санатқа ауыстырғаннан кейін жол-көлік апаты салдарынан ажал құшатын адам саны жылына 75-тен 12-ге дейін төмендеді. Бұл жұмысты жалғастыру керек», – дейді министрдің бірінші орынбасары.