Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында әкім сайлауы қызып тұр. Аудандағы 23 сайлау учаскесінің 4-еуі Бақанаста құрылған. Солардың бірі Бақтыораз Бейсекбаев атындағы гимназияда орналасқан 100-сайлау учаскесі. Сайлау комиссиясының мүшесі Әлия Өтешбаеваның айтуынша, учаскеде 1800 дауыс беруші тіркелген. “Сайлаушылар дауыс беру басталған сәттен белсенділік танытуда.
Сағат 12-дегі мәлімет бойынша 345 сайлаушы дауыс берді. Әзірге дауыс беруде түсініспеушілік, құқық бұзу оқиғасы болған жоқ. Тәртіп сақшылары қосымша жұиыс істеп жатыр”,- дейді Әлия Өтешбаева.
Балқаш аудандық мәслихатының депутаты Елдос Теңгелбаеав әкімді сайлау өкілетінің мәслихат депутаттарынан халыққа өткенін жаңа Қазақстанды құрудағы оң қадам деп есептейді. “Мен 101 сайлау учаскесінде дауыс беріп, таңдауымды білдірдім. Бұған дейін әкімді мәслихат депутаттары сайлайтын. Енді тікелей халық өзі сайлайын деп отыр. Мұның ерекшелігі мәслихат депутаты бұрын өзі сайланған округ сайлаушыларының мұң-мұқтажын жоғарғы жаққа жеткізсе, енді халық өз мәселелерін сайланған әкімге тікелей айтуға мүмкіндік алады. Халық өзіне ұнаған, танитын, ісін көрген адамды өзі таңдайды. Ал сайланған әкім өзінің сайлаушылары алдында есеп береді. Біз жаңа Қазақстанды құрып жатқандықтан, жаңа өзгерістер болуы керек және ол осы сайлаудан басталады деп ойлаймын”, — дейді депутат Елдос Теңгелбаев.
Балқаш ауданы