Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, аға лейтенант Дидар Асқарбекұлы балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Маманның айтуынша, балық аулау кезеңі басталғаннан бері 12 тұлғаға айыппұл салынып, 1 адам көз жұмған. Қайғылы оқиғаның орын алуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін сақтамау.
Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мәселен, балық инспекциясымен бірлесіп 210 рейдтік шара ұйымдастырылып, сақтық ережелерін сақтамағандарға айыппұл салынған. Бүгінге дейін 288 мың теңгеден астам айыппұл төленген. Айта кетейік, бір реттік айыппұл көлемі 12075 теңгені құрайды. Көрсетілген соманы төлемеген жағдайда оның мөлшері 24150 теңгеге дейін артады.
Рейдтік іс-шаралар кезінде мұз қалың қатпайтын қауіпті аумақтар ескертіліп, қауіпсіздік шаралары түсіндірілген. Сондай-ақ балық аулауға арналған заттарды сататын дүкендерде, білім беру орталықтарында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ашық сабақтар, дәрістер өткізілген, әлеуметтік желілерде бейнеүзінділер жарияланған.
– Балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаса, бұл өлім жағдайына дейін алып келуі мүмкін. Қыс мезгілінде балық аулау үшін судағы мұздың қалыңдығы 30см-ден жоғары болуы керек. Бірақ біздің өңіріміздегі климаттық жағдайға байланысты мұз әрқашан берік бола бермейді. Тіпті, мас күйінде ешқандай міндетті қауіпсіздік шараларды ескермей балық аулауға баратындар бар. Осының кесірінен суға батып кетеді. Ал судың температурасы өте төмен, адам ағзасы ондайға шыдамайды, – дейді Дидар Асқарбекұлы.
ТЖД азаматтардан мұз астында балық аулау кезінде келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды: балық аулау орнын мұқият таңдап, мұзға шықпас бұрын оның беріктігін анықтау керек, жеке құтқару құралдары – ысқырық, құтқару кеудешесінің болуы шарт; қайықтың жарамдылығын тексеріп алған жөн; қайықта суды сыртқа шығару үшін ыңғайлы ыдыстардың болуы керек және альколольді сусындар мен есірткі заттарын пайдалануға тыйым салынады.
Спикер әркімнің өмірі өз қолында екенін айта келе, жауапкершілікті сезіне отырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы