1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке (жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы) қарсы күрес күні. Аталған инфекция бойынша облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың мамандары баяндады.
Орталық бас дәрігерінің орынбасары Гульмира Жақанованың айтуынша, облыста АИТВ (адамның иммунтапшылығы вирусы) жұқпасының алдын алуға арналған бағдарламалар қолға алынған. Жоспардың іске асырылуын қамтамасыз ету және антиретровирустық емді уақытында әрі үзбей қолдануды күшейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Жалпы өңірде АИТВ жұқпасына қатысты эпидемиологиялық жағдай қалыпты. Облыста бұл ауруға шалдыққан 3000-ға жуық адам тіркелген. Биыл АИТВ жұқпасын 221 адам жұқтырған. Оның ішінде 2-еуі 14 жасқа дейінгі бала. Науқастардың 76,5 пайызы ауруды жыныстық жолмен, 12,2 пайызы инъекциялық препараттарды қолданған кезде жұқтырған»,- дейді Гульмира Жақанова.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда вирусты жұқтырғандардың жас айырмашылығы 15 пен 49 аралығындағы көрсеткіш бойынша әйел адамдар мен ер адамдар саны теңескен.
«АИТВ үш түрлі жолмен жұғуы мүмкін. Қанмен немесе сақтанбай жыныстық қатынасқа түскенде және жүктілік кезінде анадан балаға беріледі. Вирус адам ағзасына түскеннен кейін бірден пайда болмайды. 3-6 айдан кейін ғана анықталады. Себебі, АИТВ бірден клиникалық көрініс бермейді. Сондықтан адамдар өздерін жақсы сезініп жүре береді. АИТВ-ны қан сараптамасы арқылы ғана анықтауға болады. Осы індеттен өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін барлық қорғану шараларын қабылдауымыз керек», – деді инфекционист-дәрігер Саниям Масимжанова.
Сонымен қатар, мамандар эпидемиологиялық бөлімнің қызметі туралы баяндады. Мұнымен қоса, мемлекет АИТВ ауыратын адамдарды стигма мен кемсітушіліктен заң деңгейінде қорғайтынына және бұл туралы халықтың барлық санаттары, әсіресе жұмыс берушілер білуі тиіс екенін баса айтты.
Айта кету керек, кез келген адам АИТВ-ны анықтау үшін құпия және ерікті түрде учаскелік емханаға немесе ЖИТС орталығына барып қан тапсыруына болады.