Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева кейінгі кезде өңірлерде балалардың ашық жатқан кәріз құдықтарына құлап мерт болуына байланысты пікір білдірді. Әлеуметтік желідегі жазбасында уәкіл қайғылы оқиғаға әкеліп соқтырған енжарлыққа жергілікті билік өкілдері жауапқа тартылуы қажет деп санайды.
«Толық тексеру жүргізіп, инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген және балалар өліміне әкеп соққан немқұрайлылыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет деп санаймын. Осы салаға жетекшілік ететін жергілікті атқарушы органдардың басшыларын, аталған аудан әкімдерін де жауапқа тарту қажет», – деп жазды Динара Зәкиева.
Балалар құқығы жөніндегі уәкіл бұл үндеуін тиісті органдарға жіберетінін айтты.
«Тамыз айында біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфрақұрылымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, атап айтқанда ашық люктерге қатысты мәселе көтергенбіз, Премьер-Министрдің орынбасары тиісті тапсырмалар беріп, еріктілермен бірге барлық өңірлерде рейд те ұйымдастырылған болатын», – деп жазды ол.
Кейінгі екі апта ішінде Қызылорда мен Түркістан облыстарында екі бала кәріз құдықтарына құлап қаза тапқан. Түркістанда ойнап келуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен 4 жасар бала бірнеше күн ізделген еді. 3 желтоқсан күні күндіз баланың денесі көрші үйдің жанындағы септиктен табылды.
Өткен аптада “Қонаев Су Арнасы” мекемесі Қонаев қаласында су және кәріз құдықтарының қақпақтары жиі ұрланатынын, алайда, бүгінге дейін ешкім ұсталып, әкімшілік жазаға тартылмағанын мәлімдеген.