Қонаевта бір тәулікте 44 мың текше метрден астам қар шығарылды.
Қонаевта коммуналды қызмет көрсетуші компания жұмыскерлері бір тәулікте 44 мың текше метрден астам қар шығарды, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
“Қазгидромет мекемесінің мәліметінше, Қонаевқа қалыңдығы 24,5 мм қар жауған. Бұл – орташа айлық көрсеткіштен (21 мм) жоғары. Қазіргі таңда коммуналды қызмет көрсетуші компания қала әкімі Нұрлан Құматаевтың тапсырмасымен күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қалада тәулік бойы қар тазалануда. Жүргізушілерден көліктерін жолдың жиегінде қалдырмауды сұраймыз. Себебі, көліктер ауыр техникалардың жүруіне кедергі жасайды”, – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Бүгінде қалада 13 техника мен 30 адам жұмыс жасап жатыр. Алдымен қоғамдық көліктер жүретін жолдар тазаланып, кейіннен басқа көшелер тазаланады.