Бүгінгі күні жастарда мамандық таңдау спектрі өте кең. Технологияның дамуымен кейбір мамандықтар жойылып, жаңа түрлері пайда болуда. Тез, әрі көп ақша табу жолының соңында құндылық жоғалту қаупі жоғары. Он бес жылдан бері спорт саласында қызмет етіп келемін, дәл осы тақырыптағы журналист мамандығын саналы түрде таңдадым, жетінші класс оқушысы кезімде Ақтөбенің Орталық стадионында кім болатынымды анық түсіндім. Өкініштісі, соңғы кезде спорт журналистикасына қызығушылық төмендеді. Бұған дейін де бұл бағытта Қазақстан бойынша санаулы адам ғана түгел мәнсабын арнап жұмыс істеп жүрген еді, қазіргі уақытта жаңа кадрлардың келуі тіпті азайды. Бұл тенденцияға себеп – бірінші кезекте ақпараттың аздығы.
Мемлекетіміздің дамуында бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттау, ел құрамасының әлем біріншіліктері мен Олимпиада Ойындарындағы нәтижесін лайықты деңгейде көрсету аса маңызды орын алады. Өйткені, спорт пен дене шынықтыруды Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жетекші салалардың бірі деп белгілеп берген еді. Лайықты деңгейдегі насихат жасалуы үшін сауатты мамандардың болуы шарт. Қазіргі жағдайды ескере келе, жастарды спорт журналистикасына қызықтыру, оның негізі мен мақсатын түсіндіру сұранып тұрғандай.
Спорт журналисі жұмысының басты аймағы – жарыс кезі. Көрермен ретінде трибунадан қарап отыру бір бөлек, ал медиа арқылы бұқараға сол біріншіліктің атмосферасын жеткізу басқа мәселе. Жарысты журналист тұрғысынан жақсы атқарып шығу үшін, жылдамдық, қырағылық, тіпті коммуникация құра білу сынды қабілеттер қажет. Спорттық сайыста ғана тілші немесе контент жасаушы расымен ысылады, мол тәжірибе жинайды, спорттың ішкі дүниесіне бас сұғады. Бұл – керемет мүмкіндіктер алаңы. Бірінші болып қызықты ақпаратты жариялайтын, танымал спортшының бұрын ашылмаған қырын көрсететін және жарыс ұйымдастырлуының маңыздылығын жеткізетін шақ.
Спорт журналистикасының қалыс қалуын Қазақстанның спорт және дене шынықтыру саласының проблемасы десек, артық емес. Өйткені, қаншама еңбек атқарылып, қаншама маңдай тер төгіліп, талай ауқымды жобалар жүзеге асады. Бірақ спортты жан-тәнімен түсініп, осы саланың шын жанашыры атанған спорт журналистерінің аздығы жоғарыда аталған игі істер жайында қоғамда дұрыс көрінісінің қалыптасуына кедергі. Осыдан 15-20 жыл бұрын спорт журналисі ретінде аяққа тұру кезеңіміз қателер арқылы жүзеге асты. Дәл осылай қандай қадамдар жасалу керек, неден бастаған дұрыс деген сұрақтарымызға жауап беретін нұсқаулық болған жоқ. Спорт басқа салалардан түбегейлі айырмашылығы бар әлем. Сондықтан, жастардың спорт журналистикасына деген құштарлығын арттыруды өзімнің миссиям деп таныдым.
Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбаев, Рабат Жәнібеков салып берген сара жолды лайықты түрде жалғастыру – жастардың міндеті. Қазір ақпаратты жеткізу жолдары өзгергенімен, спорттың мән-мағынасы өзгерген жоқ. Спортшылар өз ғұмырын ел намысын қорғауға арнаған бүгінгі күннің батырлары, осындай адалдық пен еңбекқорлыққа толы саланың шынайы келбетін көрсету және оны танымал ету спорт журналистерінің жұмысына тікелей байланысты.
Назерке СҰЛТАНБЕК,
Алматы облысы