Елімізде қызылшаның таралуына қарсы күресу мақсатында халықты қосымша жаппай иммундау шеңберінде 608 мыңнан астам адам екпе алды. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, бұл – елдегі екпе алатын 1,5 миллион адамның 40,5 пайызын құрайды. Елде күн сайын 30 мыңнан астам адам екпе алады.
Бұдан әрі қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар шара қабылдап жатыр. Мәселен, қызылшаға қарсы жоспарлы екпе егу жалғасуда, жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық балаға екпе салынады.
Сонымен қатар эпидемиялық көрсеткіштер бойынша егу жұмыстары жүргізілуде, бұрын екпе алмаған және одан бас тартқан 133,3 мыңнан астам адам егілді.
Қызылша мен басқа да вакцина әсер ететін инфекциялардың алдын алуда екпе алудың маңыздылығы туралы халықты сауаттандыру жұмыс жалғасып жатыр.
Қабылданған шаралардың арқасында қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мәселен, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында соңғы аптада қызылшадан қорғау мақсатында балаcын екпе салдыруға әкелген халықтың белсенділігінің артқаны байқалады.
Бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауға алынған. Елдегі қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, мамандар 5 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына қосымша жаппай иммундау шеңберінде қызылшаға қарсы екпе алуды, 5 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына қызылшаға қарсы 2 екпе болмаған кезде, қосымша профилактикалық екпе алуды ұсынады. Профилактикалық екпе алу үшін тек жұмыс күндері ғана емес, демалыс күндері де тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуге болады.