Облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов «AMANAT» партиясы филиалында жеке қабылдау өткізді. Оған облыстағы басқарма басшыларының орынбасарлары мен мамандары қатысты. Қабылдауға жазылған өңір тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерін айтып, қанағаттанарлық жауап алды.
Алғашқы болып Қонаев қаласының тұрғыны Гүлнар Байбөрінованың өтініші тыңдалды. Зейнеткер облыс орталығындағы «Шығыс» ықшамауданындағы үйіне әлі күнге дейін көгілдір отын қоса алмай жүргенін жеткізді. Қыз Жібек көшесінің басында орналасқан тұрғын үйлерде газ бар, ал аяғында жоқ деп шағымданған тұрғынның өтінішіне «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС директоры міндетін атқарушы Нұржан Сауытбек жауап берді. Жауапты маманның айтуынша аталмыш шағынауданды газдандыруды жобалау кезінде Қыз Жібек көшесіндегі үйлердің кейбірі тізімде жоқ болған. Көгілдір отынға қосылмай қалу себебі де сондықтан. Ендігі кезекте 2024 жылға арналған шағынауданды дамыту жоспарына сәйкес, жоба әзірленуде. Жоба бойынша газға қосылмай қалған тұрғындар қатты отынның әлегінен құтылмақ. Мұндай мәселе 18-ші, 20-шы шағынаудандарда да кездеседі. Зейнеткердің екінші сауалы орталық кәріз жүйесіне қосылу бойынша жолданды. Жауапты маман бұл мәселенің де жауабы алдағы дамыту жоспарына сәйкес екенін айтты.
Қоғамдық қабылдауға келген Кеген аудандық мәслихат депутаты Азамат Дүмбіров Тоғызбұлақ ауылының су жүйесіне байланысты сұрақ қойды. Тоғызбұлақ ауылының ауызсу жүйесінің жұмыстары 2016 жылы жасалған. Бүгінде бастаулар тартылып, ауызсу қоры азайып барады. Осыған орай 2024 жылға ұңғыма қаздыруға, жоба-сметалық құжаттама жасатуға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданған. Осыған орай Азамат Өлкенбайұлы мәслихат төрағасынан қаражат бөлінуіне ықпал етуін сұрады. Талғат Ескендірұлы аталмыш мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан 23,3 млн теңге бөлінгенін жеткізіп, қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу порталына конкурстық құжаттар дайындалып жатқанын айтты.
Келесі сауал да Кеген ауданы Тасашы орта мектебінің мұғалімі Бақытгүл Оқасовадан жолданды. Ол Тасашы ауылындағы орта мектептің жағдайына алаңдайтынын айтып, білім мекемесінің кірпіші қаланғаннан бері күрделі жөндеу көрмегенін жеткізді. Бүгінде мектептің тозығы жетіп, қабырғалары айырылып, жылу ұстамайтынына шағымданды. Осыған орай 2024 жылы білім ордасын күрделі жөндеуден өткізуге қаржы бөлу қажеттігін өтінді. Аталмыш мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова жауап беріп, 2023 жылғы мәслихат сессиясында Тасашы мектебінің күрделі жөндеу жұмысына сметалық құнына сәйкес 1 млрд 119, 3 млн теңге бөлінгенін айтып, қазіргі уақытта аудандық білім бөлімінің тарапынан конкурс өткізу рәсімі жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Райымбек ауданы Шалкөде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұқатәлі Есімсартов өз сауалында ауылдағы дәрігерлік емхананың төбесінен су өтіп, жылу жүйесінің ескіргенін айтты. Осы орайда емхананы күрделі жөндеуден өткізуге көмек сұрады. Тұрғынның өтінішіне облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Оңғарсын Байұзақов жауап берді. Ол ауылдық емхананың күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін былтыр жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенін айтып, қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өтіп жатқанын тілге тиек етті. Сараптама қорытындысы биыл ақпан айының соңына жоспарланған.
Ұйғыр ауданы Қырғызсай ауылдық округіне қарасты Рахат ауылында әлі күнге дейін интернет жоқ. Бұл жөнінде Ұйғыр аудандық мәслихат депутаты Анар Дүйсенбайқызы айтып өтті. Ол интернеттің жоқтығы оқушыларға да кері әсерін тигізіп жатқанын сөзіне қосты. Рахат ауылына интернет қашан қойылады деген сауалға облыстық цифрлық технологиялар басқармасының байланыс және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлімінің бас маманы Тұран Жанбота жауап берді. Мәселеге жауапты маман 2024 жылдың аяғына дейін «Мобайл Телекомсервис» ЖШС тарапынан мобильді кеңжолақты интернет қосылатынын айтты.
Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны Дулат Қасымшалов Бәйтерек ауылында жүргізілуі тиіс болған Мәдениет үйінің құрылысы әлі басталмағанын айтып, мәслихат төрағасынан аталмыш нысанның салынуына ықпал етуін сұрады. Бұл мәселе бойынша сөз алған Еңбекшіқазақ ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Аян Ыдырысов Бәйтерек ауылына 250 орынға арналған Мәдениет үйін салу үшін жобалау-сметалық құжаттар әзірленгенін, жобалау жұмысының құны 36,8 млн теңге екенін жеткізді. Сараптамадан оң қорытындысы алынғанын, құрылыс жұмыстарына ендігі мәслихат сессиясында өтінім берілетінін алға тартты. Талғат Ескендірұлы жауапты мамандарға барлық сұрақтарға мұқият мән беріп, оң қорытынды шығаруды тапсырды.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы