Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында Абыхан Жексембеков атындағы орта мектепте «Педагогикалық өлшемдер» ғылыми-практикалық зертханасы ашылды. Жоба Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика университетімен бірлесе жүзеге асырылып отыр. Бұл туралы “Астана” телеарнасы хабарлады.
Бастапқыда балабақша болған бұл ғимарат Еңбекшіқазақ ауданында 1994 жылы алғаш қазақ мектебі болып ашылды. Қазір іргелі білім ошағына айналған мекемеде әр сынып заманауи тәжірибелік құралдармен, интерактивті тақтамен жабдықталған. 1 ақпанда өткен «Тұлғаға тағзым – Тәуелсіздік тартуы» республикалық конференциясында мектеп оқушыларының және ұстаздар қауымының жетістіктері сараланып, жоспарлар талқыланды.
А.Жексембеков атындағы орта мектеп директоры Гүлбахыт Қасымжанованың айтуынша, ұстаздар қауымы бірлескен зертханадан үлкен үміт күтіп отыр.
– Абай атындағы ұлттық педагогика университетімен бірлесіп ашқан “Педагогикалық өлшемдер” зертханасынан күтеріміз мол. Осы университет педагогтері, профессорлары мен докторлары мұғалімдерімізге педагогикалық қолдау көрсетеді, ғылыми практикалық жұмыстарына жетекшілік етеді. Осында келіп сабақ өтеді. Түзілген онлайн жоспарларымыз бар, – дейді Гүлбахыт Қасымжанова.
Абыхан Жексембеков атындағы орта мектеп пен Абай атындағы ҚазҰПУ өзара меморандумға қол қойды. Оның негізінде жаңа зертхана филиалы өз жұмысын Абай атындағы университеттің Педагогика және психология кафедрасының жанында ашылған «Педагогикалық Өлшемдер» ғылыми-зерттеу зертханасымен бірлесе жүргізеді. «Педагогикалық өлшемдер» зертханасының мұғалімдерді даярлауда, мектеп пен университет арасындағы инновациялық ынтымақтастықтың жаңаша практикалық алаңына айналдыруға барлық мүмкіндіктері бар.
Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Хайрулла Жанбековтің болашақ педагогтерді сапалы етіп дайындауда үлкен рөл атқаратынын айтады.
– Өздеріңізге белгілі бүгінгі таңда біздің елімізде “Жайлы мектеп” жобасы бойынша жалпы 800 мектеп салынып жатыр. Ал биыл ел көлемінде 400 жайлы мектеп салынбақшы. Осы мектептерге мұғалімдер дайындау мақсатында 10-11 сыныптан бастап мұғалімдік мамандыққа ерте кезден баулу үшін педагогикалық сыныптарды ашпақшымыз. Жаңа ғылыми-практикалық зертханасының филиалы ұстаздарға біліктілігін арттырып, оқушыларға жаңа бағытта білім беруге жол ашады. Осылайша мұғалімдер шәкірттер арасында ерте бастан талапты педагогтерді дайындап шығаруға ниетті, – дейді ҚазҰПУ өкілі.