Төтенше жағдай кезінде сирена қосу алгоритмі қайта пысықталуда
Төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету үшін дыбысты дабыл қондырғыларын қолдану алгоритмі министрлік деңгейінде қаралуда. Бұл туралы Алматы облысы Төтенше жағдай департаменті (ТЖД) басшысының орынбасары Данияр Қасымов қатысқан брифингте айтылды.
Дыбысты дабыл қондырғылары төтенше жағдай кезінде халыққа ақпаратты шұғыл жеткізу мақсатында қолданылады.
Сала мамандары қатер төнген сәтте хабарламаны тарату үшін электр сиреналары, сирена-сөйлеу құрылғылары, теле-, радио арналары, ұялы байланыс операторлары арқылы қысқа хабарламалар мен «Дәрмен» мобильді қосымшасы сынды құралдарды пайдаланады.
Спикердің сөзіне сенсек, қазіргі ережелер бойынша, сирена қосу үшін басшылықтан пәрмен түсуі тиіс. Ендігі кезде аталмыш талаптарға түзетулер енгізілмек.
«Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі берген тапсырмаларды іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта құлақтандыру жүйесін қолданудың ережелері мен регламенті қайта қаралып жатыр. Биліктегілер бір шешімге келсе, облыстың қалалары мен аудандарында орнатылған дыбысты дабыл құрылғылары арқылы ақпаратты үш рет беру арқылы халықты құлақтандыру жүйесі іске қосылады»,- деді полковник Данияр Қасымов.
Бір сөзбен айтқанда, қауіптің алдын алу үшін халыққа дыбысты дабыл құрылғылары арқылы ақпарат екі тілде беріледі.
Ал, төтеншеліктер дыбысты дабыл құралдары қосылғанда сабырлық сақтап, мәліметке құлақ асу керектігін айтады.
«Аймақ тұрғындарынан дыбысты дабыл құрылғылары арқылы сөйлеу хабарламаларын естігеннен кейін дүрбелең туғызбауын сұраймыз. Біздің мақсатымыз – азаматтарды қауіп-қатерден сақтау», – дейді Данияр Болатбекұлы.
23 қаңтарға қараған түні Алматыдан 200 шақырым қашықта, Қытай мен Қырғызстан аумағында 6,7 магнитудалы жер сілкінісі болған. Оның дүмпуі Қазақстанның оңтүстігінде, әсіресе Алматы қаласы мен облысында қатты сезілген. Дүмпуден соң қала тұрғындары алдын ала ескерту хабарламасы болмағанына шағымданған. Ал қалалық төтенше жағдай департаменті “халықты дүрліктіргісі келмегендіктенә дабыл бермегенін хабарлаған.