Туған жер, өскен ел кез келген жанның бойына шаттық сыйлап, ыстық сезімін оятады. Әсіресе, ауыл дегенде жүрегіміз өзгеше тебіреніп, жұрт дегенде ерекше еміреніп кетеріміз анық. Қашанда қазақтың алтын бесігі болған ауыл ұлттығымыздың тозбас темірқазығы десек қателеспейміз. Қадірлі оқырман, осы орайда біз ауыл ахуалын аңғартатын жаңа айдарымызды ұсынбақпыз. Туған жердің тақырыпқа шығып, тарихы танылып, әлеуметтік жағдайының әңгімеленгені тұрғындар үшін де жақсылықтың нышаны болмақ. Ауылдың ажары артып, әр мәселесі шешімін тапса мұндағы елдің де еңсесі көтерілмек. Туған жер табиғатынан тартып, өскен мекеннің мәні әспеттелетін айдарымызда ел жағдайының ерен көрінісін паш етеміз. Ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігіне талдау жасап, тұрғындар көкейіндегі ұсыныс-тілектерін тыңдап, елмен еркін жүздесудегі басты мақсатымыз ұрпақтың туған жерге, өскен елге деген сүйіспеншілігін еселеп, оларды ұлтжандылыққа баулу болмақ. Жаңа айдарымыздың алғашқы шығарылымын облыс орталығына жақын елдімекеннен бастауды жөн көріп, аңызы бар, жыры бар, қазыналы талай тылсым сыры бар, тарихы терең Шеңгелді ауылдық округіне арнауды құп санадық.
Таң атысымен шежірелі Шеңгелдіге бет алдық. Бұл ауыл облыс орталығының солтүстігінде орналасқан, Қонаев қаласынан 38 шақырым жерде, Ұлы Жібек жолының бір тармағы саналады. Қонаев қаласының құрамына кіргенімен тұрғындардың негізгі тіршілігі егін егіп, мал бағудан басталатын ауылдың ғажап табиғаты мен қызу тіршілігін көруге асықтық. Өзіміз ауылдың баласы болғандықтан мұндай мекенге аңсар ауып тұратыны анық. Оған деген шынайы махаббат та шексіз. Өзіңіз ойлаңызшы, аңқаны алатын таза ауа, тұмса табиғат, таң атпай әндететін әтештер мен төрт түліктің дауысы, қадірі биік қариялар, тектілігімен төрін ұсынған асыл аналар, үлкенге ізетін, кішіге құрметін аямайтын ардақты ағалар. Қандай керемет! Бір сөзбен айтқанда, махаббат пен мейірден, шапағат пен пейілден құралған кішкентай ғана сиқырлы мекен. Ауылға сапарлатқан соң ба, жол бойы жүрегімізді туған мекеніме деген сағыныш торлай берді. Ауылдан ауылдың айырмашылығы болмас барлығы бірдей шығар деп ойлағанмен оның әлеуметтік жағдайы, заманауи даму бағдары, жұртшылықтың тұрмыс бедері бөлек екенін де біліп отырмыз. Сол себепті де тарихы терең Шеңгелдінің бүгінгі бейнесін көруге де ынтам арта түсті.
Діттеген жерімізге жетіп, «Алматы – Өскемен» тас жолының бойында орналасқан Шеңгелдіге ат басын тіредік. Ауылдың ахуалымен танысу үшін ауылдық округ әкімдігіне бет алдық. Көліктің жеңіл жүріп келе жатқанынан ауыл ішіндегі қара жолдың қаланыкінен жақсы екені байқалады. Көшенің бойындағы жаяу жүргіншілер жолына да асфальт төселіп, екі жағы бірдей жарықтандырылған. Бәлкім, орталық көше болғандықтан бар көңіл осында бөлініп, осы маңай ғана қардан тазартылған болар деген топшылауымызды әкімдікке апарар бағыттан жаңылысып аралаған өзге көшелеріміз жоққа шығарды. Ауылдың әлеуметтік жағдайы осал емес көрінеді. Әкімдікке бас сұғып, Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары Талғат Қасымбековке жолықтық. Келген жағдайымызды баяндап, ауыл жайында азды-кем ақпарат алып, сұхбаттастық. Тұрғындар тұрмысын тілге тиек етіп, шаруалардың жай-күйін білдік.
1967 жылы құрылған Шеңгелді ауылдық округі 119887 га аумақты алып жатыр. Құрамына 9 ірі және шағын елдімекен кіретін өлкеде қазіргі таңда 9200 адам тіршілік етуде. Негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығы саналып, жергілікті халық егін егіп, мал бағумен күнелтеді. Ауылдық окру аймағында 145 шаруа қожалығы тіркеліп, қазіргі уақытта ірі қара мал саны – 8358-ге, жылқы – 2594-ке, қой мен ешкілер 32720-ға жеткен. 1400 басқа арналған 8 ірі бордақылау алаңы округте мал шаруашылығын дамытуға айрықша үлес қосуда. Әкім орынбасарының айтуынша, егіс алқабында да ерекше қуантарлық көрсеткіштер бар. Былтыр 14698 гектар егіс алқабында дәнді дақылдар, оның ішінде арпа, жүгері, майлы дақылдар, соя, картоп, қант қызылшасы, көкөністер, бақша өнімдері өсірілген. Егіс алқабынан ақпар берген Талғат Қалмаханұлы сурмалы су жағдайына да тоқталып өтті. Ол өз сөзінде:
– Былтыр сәуір-қазан айлары аралығында ауылдық округіміз бойынша суарылмалы суды субсидиялауға 65 шаруа қожалығы, 11 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 5 АӨК өтінімдері мақұлданып, жалпы сомасы 764 млн. теңгені құрады. Ал мамыр айынан бастап тыңайтқыштарды субсидиялауға 18 шаруа қожалығынан, 9 ЖШС, 4 АӨК-ден өтінімдер беріліп, жалпы сомасы 145 млн теңгені құрады. Бүгінгі күні ауыл аумағында тұрғындар қажеттіліктері үшін 10507 гектар жайылымдық 20 жер учаскесі заңдастырылды, – деп ауыл халқы үшін жағдайдың жасалғанын жеткізді.
Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен ауылға 8 млн 321 мың теңге бөлініп, округ орталығының 416 метр арық желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, жергілікті жұртшылық бау-бақшаларын суару үшін Шеңгелді өзенінен су бұрылған. Атқарылған жұмыстар жайын жеткізген әкім орынбасары 2023 жылы маусым айында Қосқұдық ауылына 2 млн 625 теңгеге балалар ойын алаңы салынғанын да жайдарман жаңалықтарына қосты. Шеңгелді және Ақөзек ауылдарына шағын футбол алаңын орнатуға бюджеттен 30 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталған. Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарындағы блокты-модульді кешендердің аумағын абаттандыруға және электр энергиясын қосу үшін тиісті жұмыстар атқарылған. Кербұлақ ауылындағы ұзындығы 1,17 шақырым болатын Солнечный (сыртқы) және Лермонтов (ішкі) көше жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгені де әкім орынбасарының сөзінен тысқары қалмады.
Ауылдық округте 5 орта мектеп, 2 шағын орталық, 1 мемлекеттік және 2 жеке мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Былтыр тамызда «Халық игілігі» қайырымдылық қорының демеушілігімен Қосқұдық ауылында 100 орынға арналған заманауи талапқа сай жаңа мектеп ашылған. Сондай-ақ Сарыбұлақ ауылындағы № 8 орта мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Шеңгелді ауылындағы Қ.Жалайыр атындағы № 6 орта мектебінде жаңа асхана қолданысқа берілген. Ауылдық округте 2 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт, 1 «Жедел жәрдем» пункті жұмыс істейді. Қосқұдық ауылында блокті-модульдік кешен қолданысқа берілсе, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында блокті-модульдік кешендердің ашылуы күтілуде. Шеңгелді ауылының дәрігерлік амбулаториясына бюджеттен 543 млн. теңге бөлініп, қараша айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталған әкім орынбасары мәдениет, спорт саласындағы жайттарды да тілге тиек етіп, ауылдағы қауіпсіздік шаралары мен кәсіпкерлік қызметтер жөнінде де ақпарат жеткізді. Артынша бізге бірқатар нысанды көзбен көріп, олармен танысып шығуымызға рұқсат беріп, жанымызға әкімдік маманын қосып, ауылды аралатты.
Әкімдіктен шығып Сарыбұлақ ауылына бет алдық. Онда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген № 8 орта мектепке табан тіреп, білім сапасын естіп, құрылыс нәтижесін байқап қайттық. Бізді аталмыш білім ордасының басшысы Айгүл Қаниева күтіп алып, жаңашылдыққа жол бастаған білім ғимаратымен таныстырды. Мұнда бүгінде 128 оқушы білім алуда, оның ішінде 52-сі үздік, 52-сі екпінді шәкірттер. Жалпы оқу деңгейі жоғары көрсеткіштерге ие. Салыстырмалы түрде айтқанда білім сапасы 64.3 пайызды құраған. Былтырғы ағымдағы құрылыс жұмыстарында мектептегі 135 ескі терезе ауысып, білім ғимаратының алдындағы 950 шаршы метр жерге арнайы төсеніштер салынған. Ішкі-сыртқы қабырғалар сыланып, жарық жайы қалыпқа келген. Сондай-ақ, спорт залдың едені мен шатыры ауысып, оқушылардың киінетін, жуынуға арналған бөлмелері мен ұлдарға, қыздарға жеке дәретхана салынған. Заман талабына жауап беретін жабдықтарды да байқадық. Мұндағы асхана да толық жөнделіп, едені кафельге алмасып, жаңа аспаз құрылғылары орнатылған. Маусымда басталып тамызда аяқталған ағымдағы жөндеу жұмыстарына жоғары баға берген мектеп директоры Айгүл Айтмұхаметқызы 50 табысты мектеп жобасы бойынша жаңа 3 кабинет жасақталғанын да сөзіне қосты. Биология, химия, физика пәндерін тереңдетіп оқытуға арналған кабинеттердің көрінісі көздің жауын алады. Аталмыш пәндерге сай құрылғылармен толық жабдықталған кабинеттердің барлық жиһаздары жаңартылған. Директордың сөзіне сүйенсек, 3 кабинетке 30 млн қаражат бөлінген. Оқушылардың алаңсыз білім алуына арналған жұмыстарға көз толтырып, біз де қуанышымызды жасырмадық. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасынан жеке екінші химия кабинеті де дайындалып, қолданысқа берілген. Мұнда да аталмыш пәнді тереңдетіп оқу үшін барлық қажетті дүниелер толығымен табылады. Жаңа кабинеттердің жай-күйін білген соң, оқу ордасындағы кітапханаға да бас сұқтық. Сөреде шәкірттерге арналған құнды байлықтың да қатары толығып тұр. Бізді білім шаңырағының баспасөзді бағалап, газет-журналдарға жазылып, оқушылардың мерзімді басылымдармен танысып, өңір жаңалықтарынан тысқары қалмағаны да қуантты. Сәні мен мәні келіскен мектептің материалдық базасы барынша күшейтілген.
Сарыбұлақ ауылынан шығып Шеңгелді ауылдық округінің әкімшілік орталығына қайта оралдық. Былтыр қараша айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған Шеңгелді ауылының дәрігерлік амбулаториясына бас сұқтық. Мұнда ескі ғимаратты бұзу қызметіне куә болып, жұмыс басындағы бригадир Фархат Мамыровпен тілдестік. Оның айтуынша, бір ай бұрын басталған демонтаж жұмыстары аяқталған. Ендігі кезекте толық материалдар жеткізіліп, 1370 шаршы метрді қамтитын нысанды қайта көркейту қолға алынбақ. Ауыл балаларының уақытты босқа өткізбей, сабақтан тыс сәтте дарынын ұштап, қабілетін жануға арналған өнер мектебіне де табан тіредік. Бейнелеу сабағының үстінен түсіп, шәкірттер шығармашылығын дамытатын орталықтың қызметімен таныстық.
Өнер демекші, ауылда аты белгілі қолөнерші, ұста жандар да жетерлік. Солардың бірі де бірегейі кесте тігіп, құрақ құрап, бойына дарыған істің қиюын келтіріп жүрген Жолдықыз Жұмағұлова апамыздың үйінде болдық. Саусағынан өнері тамған талантты шебер Жолдықыз апа бізге қонақжайлығын танытып, шаңырағының төріне шығарды. Жетісу облысы Көксу ауданында дүниеге келген Жолдықыз Көпбайқызы тұрмыс құрғаннан кейін Шеңгелдіге көшіп келген. Кейіпкеріміздің әкесі Көпбай темірден түйін түйіп, ағаштан өрнек өрсе, шешесі Күлзада тон пішіп, кесте тіккен. Бойындағы дарыны қанмен келгеніне сенімді апамыз әңгіменің басын ата- анасының қабілетін айтудан бастады. Тіпті, әкесі жасаған 70 жыл бұрынғы бесігін көрсетіп, ер-тоқым, домбыра сынды бұйымдарын ортаға әкеліп, қолөнер кереметімен көздің жауын алды. Ақкөңіл, ақжарма мінезімен жарқылдап, өз өмірінен де өзгеше сезімге толы сырларын жайып салды. Жолдықыз анамыз 25 жасында Шабдұнақын атамызбен қол ұстасып, өмірге 4 ұл, 2 қыз әкелген екен. Өкінішке қарай, жолдасы осыдан екі жыл, 3 ай бұрын дүние салған. Атамыздың өзі өлсе де, көзі өлмегеніне жоғары білім алып, ұлттың шырағын жағып жүрген балалар дәлел. «Өнерім – менің өмірім» деген анамыз дарынының арқасында тек Шеңгелдіге, тек Алматы облысына ғана емес, республикаға танымал бола астағанын айтады. Ұлттық нақышта тіккен бұйымдарын тұтынушылар да көп. Қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмайтын қолөнерші талай бірлестіктердің де белді мүшесі. Омырауында «Асыл ана» алқасы бар шебер «Ел бірлігі» қоғамынан «Еңбек қайраткері» медалімен марапатталса, «Жалайыр» бірлестігінен де арнайы төсбелгі таққан. «Қазақ аналары дәстүрге жол» қорынан да бірталай марапаттардың иегері атанған. Бізді тігін тігуге бала кезден әуестенген Жолдықыз апамыз қазір қазақы кимешекті дәріптеп жүргені қуантты. «Кимешекті үлкен кісілер ғана киеді деп көп айтады, бұрында қыз баланың төсек орнын жасағанда кимешекті сандығына салып беру ананың міндеті саналған. Шешелеріміз солай жасау арқылы бойжеткен барған елінің ақжаулықты анасы болсын деп санаған», – деп біраз тарихи деректерді айтып өтті. Қолөнершінің ерекшелігі, өзгелер секілді ине ұстар алдында жобасын сызып, жоспарын жасамайды. Жұмысқа кірісіп кетіп, тігу барысында көйлектердің жөнін келтіріп, тіпті пішінін де өлшеместен дәл шығарады. Сонымен қатар әр бұйымына өзгеше атау беріп, білгілі бір белгілер салып, оны қазақ мақалдарымен үндесіріп отырады. Ол өз сөзінде:
– Баяғыда аналарымыз құрақты жоқтан бастап, бір басың екеу болсын деген ниетпен тіккен. Құрақтың басты қасиеті – құралу. Төртбұрыш құрақ төрт құбылаң тең болсын деген ырыммен жасалған. Одан кейін үшбұрыш, қазір заманауи неше түрлісі бар. Менің өзімнің туындым осыдан 3-4 жыл бұрын балық құрақ ойлап таптым. Мұны үшбұрышатап әкеп құрайсың, сондай-ақ, жұлдызша, этностильдегі құрақтарды да қиыстырамын, – деген апамыз карантин уақытында онлайн байқауға қатысып, республика бойынша құрақ құрау жарысынан бас жүлдені ұтып алғанын да мақтанышпен жеткізді.
Бүгінгі заманның киіну талабын көрмелер арқылы танитынын жеткізді. Талабын шыңдаудан шаршамайтын Жолдықыз апа киімдер көрмесімен Қырғызстанға барып, 80 адамның алғашқы ондығына ілінген. Ал биыл наурыз айында өзінің бұйымдарын Өзбекстанда өтетін көрмеге апармақ. Ұрпақтарға осындай мәдени мұраны насихаттап жүрген анамызбен руханият тақырыбында біраз тілдесіп, дастарқанынан дәм таттық.
Түс ауа ауылымызға тілшілер келіпті дегенді естіп, бізді іздеп жеткен ауыл ақсақалдарымен кездестік. Қонаев қалалық мәслихатының депутаты Иманғали Рахымбердіұлы атамыз бен ауылдың асыл тонды қариясы Бақытжан Атагелдиев ауылдағы көңіл қуантар жаңалықтарды жіпке тізді. Әсіресе, тұрғындар тиімділігіне жарап тұрған әлеуметтік нысандарға тоқталып, ауылдың даму деңгейін өркендетіп жатқан мекемелер қатарын мақтанышпен жеткізді. Ауыл жұртшылығынан жақсылығын аямай, бір үйдің баласындай қамқорлығын көрсетіп келе жатқан меценаттар мен кәсіпкерлерге газет арқылы ауыл ақсақалдарының алғысын, ақ батасын жеткізуді өтінді. Ауыл азаматтарының ынтымақ-бірлігін әңгіме арқауы еткен қариялар бізді Шеңгелдінің шырайын келтірген жаңа нысандарға апарды. Алғашқы болып «Бәйтерек» шағын маркетіне табан тіредік. Аталмыш ғимаратта азық-түлік дүкені, шаштараз, дәріхана сынды ел игілігіне бағытталатын кәсіпкерлік қызметтер орналасқан. Иесі Серік Үшкемпіровтің ауылым дегенде көңілі бір төбе, көмегі көл-көсір екен. Адал еңбегімен көлемді кәсіп иесі атанған азамат ауыл мешітіне жыл сайын 1 млн теңге қолдау көрсететінін естігенде меценаттың қайырымдылығына шын қуандық. «Бала күнінде трактор тізгіндеп, жер жыртып егістік даласында бір қолынан айырылса да, мойымай, ерінбей еңбек еткен, жемісіне жеткен жанды ауылдың жастарына үлгі тұтамыз», – дейді қариялар. Артынша Данияр мен Бауыржан есімді ағайынды жігіттер салған көлік жуу нысаны мен ашылу салтанатын енді өткеретін тойханаға бардық. Заманауи, соңғы үлгіде бой көтерген ғимарат шынымен-ақ ауылдың ажарын әспеттеп тұр. Одан бөлек, ауыл үшін қылар қызметі қаншама?! «Несіпбала» тойханасы да ауыл халқының қажетіне жарап тұр. Орталық көшенің бойындағы қос бірдей «Айлин» мен «Сирада» атты тез тамақтану орындары, «Бастау», «Адал» сынды жаңа дүкендер тамсандырмай қоймайды. Біздің қызығушылығымыз жаңадан ашылған дөңгелек жөндеу орталығына түсті. Себебі жанынан өтіп бара жатып, жарылған дөңгелекті желімдеп жатқан қарияны көзіміз шалған еді. Тоқтап, тілдестік. Ауылда екі дөңгелек жөндеу орталығы бар екен. Бұл соның бірі де бірегейі. Себебі ғимараты қос қабатты, іші түрлі жаңа құрылғылармен толық жабдықталған. Бұл жаңағы көрген атамыз Сайлау Ағлабаевтың өзі ашқан кәсібі екен. Бүгінде ауыл азаматтарының кәдесіне жарап, керегін жамап тұрған көрінеді. Өзі қызмет көрсетіп жүрген Сайлау атамызбен тілдесу барысында тамашаға кез болдық. Дөңгелектерді салмағына қарамай иыққа асқанын қызыға сұрағанымызда атамыздың Кеңес одағының спорт шебері екеніне қанық болдық. Жетпіске жақындап қалған қария 1977 жылы самбо күресінен Лена қаласында өткен біріншілікте екінші орын жүлдегері атанған екен. Кейіннен де спорттан қол үзбей, Қонаев қаласындағы спорт мектебінде 30 жыл қызмет атқарып, зейнетке шыққан.
Шеңгелді тұрғындарының әлеуметтік ахуалына қуанып, тонның ішкі бауындай араласқан ағайынның ынтымақ-бірлігіне тамсанып, ауыл шекарасынан да аттадық. Ауылдың ажары азаматынан. Рас, әкімдік пен жергілікті жұртшылықтың ойлары мен ауылға деген жоспары бір арнада тоғысқандықтан ел еңсесі тіктелген. Ауыл сыртына тағы бір көз тастап, шежірелі мекеннің шырайы жыл санап арта берерін анық аңғарып, Қонаевқа жолға шықтық.
Құралбек Сәбитов,
Шеңгелді ауылы,
Қонаев қаласы