Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев полиция департаментіне барып, жеке құраммен кездесті. Аймақ басшысына биыл тәртіп сақшыларына бөлінген жаңа автокөліктер мен арнайы техникалар, полицияның киімі мен қарулары, басқа да түрлі жабдықтар таныстырылды. Сондай-ақ облыс аумағындағы қауіпсіздік шаралары мен құзырлы орган ғимараттарының материалдық-техникалық жарақтандырылу жайы айтылды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов облыс әкімдігінің қолдауының арқасында мекемеге су жаңа көліктер мен жаңа қауіпсіздік құралдары келгенін жеткізді. Ол жаңа автопарк пен мамандандырылған техника азаматтардың меншігі мен конституциялық құқықтарын қорғауда құқық қорғау органдарының белсенділігін айтарлықтай арттыратынын алға тартып, облыстағы қылмыстық ахуалды жақсы жаққа өзгертетінін тілге тиек етті.
Облыс әкіміне алдымен шеру алаңындағы қаз-қатар тізіліп тұрған жаңа көліктер көрсетіліп, былтыр және биыл тәртіп сақшыларының арсеналына енген техника үлгілері таныстырылды. Мұнда «Eqin Patrul» жүйесінде бейнетіркеу жүйесі арқылы патрульдейтін «Hundai Elantra» жеңіл көлігі көрсетілді. Облыстық полиция департаменті мұндай автокөліктің 20-сын алған.
Көлік қозғалысын бақылап қана қоймай, олардың жылдамдығын алыстан өлшей алатын көпфункционалды бейнетүсіру кешені бар көлік жол қозғалысын реттеуге біраз септігін тигізген. Сонымен қатар департаментке иттерді тасымалдауға арналған 12 автокөлік берілген. «GWM Wingle – 7» маркалы көліктердің барлық қажетті электроникасы, тіпті артқы көрініс камерасы бар. Иттерді тасымалдауға ыңғайлы көлік екі камерамен жабдықталған. Сондай-ақ пеш пен суды, ауаны салқындату құрылғысы да орналасқан. Ұсталғандарды тасымалдауға арналған «ГАЗель» автокөлігі үшке бөлінген. Алдыңғы қатар жүргізушілерге арналса, артында арнайы күзетушілер мен 4 адамға арналған жеке кабина бар. Мұнда жеке оқшаулағышы бар қауіпті қылмыскерлерге арналған жалғыз адамдық камера жасақталған. Департаменттің мақтана айтатын ең қымбат техникаларының бірі – автокөлік негізіндегі жылжымалы жарылыс-техникалық кешені. Бастапқыда барлық қажетті құрал-жабдықтар бір көлікке сияды деп болжанған. Кейіннен екінші көлік те арнайы қажетті заттармен жарақтандырылған. Көлік таныстырушылар біреуі жабық жерде жұмыс атқаруға, ал екіншісі ашық алаңда қызмет жасауға арналғанын айтып өтті. Ол соңғы бір жылда саперлар жоғары технологиялық роботтармен, шынжыр табанды және доңғалақты детекторлармен, портативті рентгендік сәулемен, ұшқышсыз зеңбірекпен, гидравликамен және барлау квадрокоптерімен қаруланғанын да сөзіне қосты.
Облыс әкіміне жарылғыш затты оқшаулайтын үлкен робот пен оларды тасымалдауға арналған екі доңғалақты контейнердің жұмыс барысы таныстырылды. Сонымен қатар, аймақ басшысына жаңадан сатып алынған төртінші деңгейлі сауыт-саймандар, дулығалар, қалқандар, заманауи снайперлік винтовкалар мен коллиматор көздеуіштері бар автоматтар көрсетілді.
Департаменттің мәжіліс залында жұмыс кеңесі ұйымдастырылып, облыс әкіміне өңірдегі жедел жағдай таныстырылды. Облыстық полицияның барлық басшылық құрамы қатысқан жиынды Бауыржан Төлегенұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыстардың жалпы саны 18 пайызға, оның ішінде зорлау мен бопсалауды қоспағанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар 16 пайызға азайғанын айтып өтті. Қоғамдық орындарда жасалған және алкогольдік масаңдықпен байланысты қылмыстармен күрестегі оң динамиканы тілге тиек етті. 2023 жылы айналымнан 19 тонна есірткі тәркіленіп, 7 жасырын зертхана анықталған. Жол-көлік оқиғаларының саны да азайған. Департамент бастығы қол жеткізілген табыстар мен сатып алуларға қарамастан, техникалық жабдықтаудың проблемалық мәселелері әлі де барын сөзіне қосты. Жергілікті полиция қызметкерлеріне арналған көлікті лизингтік бағдарламалар арқылы жаңарту қажет, бұл бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік бермек. Облыс орталығы Қонаев қаласына көшуіне байланысты мәселелер де өзекті екені айтылды. Бүгінгі таңда кейбір жедел қызметтер, соның ішінде, көші-қон Алматы қаласында орналасқан. Осыған орай департамент бастығы қала әкімдігімен бірлесіп, облыс орталығының аумағындағы ғимараттардың бірін жалға алу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабардар етті.
Өз кезегінде сөз алған аймақ басшысы полиция қызметкерлерінің жұмысы қоғам үшін аса маңызды және үлкен кәсібилікті қажет ететінін тілге тиек етіп, материалдық-техникалық базаны жаңарту – құқықтық тәртіпті нығайтудың негізгі факторы екенін жеткізді. Құқық қорғау органдарымен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өзара іс-қимыл мен бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталған облыс әкімі полиция қызметкерлерінің адалдығы мен батылдығы барлық құрметке лайық екенін сөзіне қосты. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның үйлесімді дамуы үшін мемлекеттік органдар тарапынан қолдау жалғаса беретінін алға тартты.
Құралбек Сәбитов