Қонаев қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 гимназияда «Жалпы орта білім беретін мектептерде қазақ тілі пәнінің жүргізілу деңгейін арттыру» тақырыбында облыстық семинар өтті. Аталған шараны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды. Семинарға Тіл білімі институты мен С.Демирел университеті әдіскерлері, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.
Іс-шара мектеп фойесіндегі көрмені тамашалаудан басталды. Одан әрі Қонаев қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданының мұғалімдері «Аспан денелері», «Қауіпті қалдықтар», «Төрт түліктің пайдасы», «Шыңғыс Айтматов – халық жазушысы» тақырыптарында ашық сабақ өткізді. Мұғалімдер түрлі әдіс-тәсілдер мен ақпараттық технологияларды пайдаланды. Оқу шылар топтық жұмыстарды да, жеке тапсырмаларды да жоғары деңгейде орындап, сабаққа белсене қатысты.
Ашық сабақтар аяқталған соң РһD доктор, ассистент-профессор Гүлжайна Нұрманова «Қазақ тілі пәнін оқытудағы цифрлық трансформация» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы трансформация – уақыт талабына бейімделу екенін айта келіп, сабақты түсіндіруге, түрлендіруге, топтастыруға және тексеруге арналған онлайн платформалармен таныстырды. «Қазақ тілін оқыту мәселелері мен стратегиялары» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты Альфия Солтанбекова сөз алып, жаңартылған білім беру жүйесінің күрделілігіне, теориялық білімдердің жүйесіздігі мен қазақ тілі оқулықтарындағы олқылықтарды ашып айтты. Сондай-ақ, бұл мәселелерді шешу жолдарын да көрсетіп берді. Айтуынша, білім беру бағдарламасын дамытып, оқулық авторлары мәтіндерді оқушы танымына сәйкес құруы тиіс. Сонымен қатар қазақ тіліне қатысты ресурстарды, дидактикалық материалдарды, жаттығуларды көбейтіп, электронды оқулықтар мен мұғалімдердің теориялық білімдерін жетілдіру керек.
– Бұл семинар облысымызда бірінші рет өткізілді. Мақсаты – мемлекеттік тілдің аясын кеңейту, мектептердегі, әсіресе, орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабақтарының сапасын көтеру, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілін үйрету. Біз мектептерді аралау кезінде балалардың қазақ тілін білу деңгейінің нашар екенін байқадық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін семинар өткізуді ұйғардық. Бұл – біздің қазақ тілі мұғалімдеріне көрсеткен әдістемелік көмегіміз, – деді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Күлзира Сейітбекқызы.
Семинар нәтижесінде мұғалімдер қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өзара тәжірибе алмасып, сабақта тиімді әдіс-тәсілдерді қолдануды үйренді. Оқушылардың қазақ тілін терең меңгеруге қызығушылығы оянып, құрметі арта түсті.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы