Ел шетіне жау тиген кезде қолаң шашын бөріктің астына жасырып, қолына қылыш алып, атқа қонған қазақтың арулары бейбіт заманда да ерлермен бірге еңбек майданына араласып, жұртына олжа салып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Солардың қатарында бүгіндері ҚР Президенті жанындағы Ғылым академиясының басшысы, биология ғылымдарының докторы, профессор, ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей Федерациясы Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Күнсұлу Закарияның есімі құрметпен аталады.
Иә, бейбіт заманның да өз майданы болады. Мұнда мылтық атылып, зымырандар жарылмаса да, адам өміріне қауіп төніп, халық зардап шегіп жатады. Бірнеше жыл бұрын бүкіл әлемді әбігерге салып, мыңдаған адамды құрбандыққа шалған «COVID – 19» деп аталатын тәжді тажал жер-жаһанды жайпап келе жатты. Дүниенің озық медицинасы мен ең заманауи деген ғылыми жетістіктері де осы індеттің құпиясын аша алмай, оған қарсы дауа таба алмай абдырағанын көзіміз көрді. Алдымен бізге жетпейтіндей болып көрінген індет енді бірде есігімізді қағып, көп кешікпей аяулы жандарымызды шеңгеліне қысты. Шекаралар жабылып, алыс-беріс тоқтады, тіпті ауыл мен қала арасына бекет қойылып, адамдардың жүріп-тұруы шектетілді. Енді адамзат алдында бір ғана міндет тұрды. Ол – қайткен күнде тәжді тажалды құрықтайтын вакцина ойлап тауып, адам жанына араша түсу.
уып, адам жанына араша түсу. Бұл маңызды мәселеге әлемнің алпауыт мемлекеттері барын сала кіріскен. Вакцина жасау – бір жағынан азаматтарын апаттан алып қалудың бірден-бір жолы болса, екіншіден, бұл үлкен бизнестің де көзі екені жасырын емес. Сонымен қатар осы арқылы фармацевтикалық компаниялар өздерінің озық екендерін дәлелдеуге кірісіп кеткен. Алғашқылардың бірі болып Америкалық трансұлттық фармацевтикалық компания «Pfaizer» препаратын жұртшылық назарына ұсынды. АҚШ-пен бәсекелес Ресей Федерациясы көп кешікпей «Спутник – V» вакцинасын шығарғанын мәлімдеді. Өзге елдер де бұл дүбірлі додаға жанын сала кірісіп жатты. Міне, осы кезде біздің ғалымдар қазақстандық «QazCovid-in», былайша айтқанда, «QazVac» вакцинасын шығарғаны жөнінде айдай әлемге жария етті.
Бұл жаңалықты фармацевтика саласының алпауыттары былай тұрсын, өзіміздің қарапайым тұрғындар да күмәнмен қабылдағанын несіне жасырамыз?! Десе де, осы вакцинаны қабылдап, отандық өнімнің шарапатын көргендердің ешқандай зиян шекпегенін естіп-біліп жүрдік. Алайда «оны жасаған кімдер, қандай зертханада сынақтан өтті» деген сауалдарға жауап іздеп бас қатырмағанымыз тағы белгілі. Ал шын мәнінде осы аса күрделі әрі стратегиялық маңызы бар шаруамен Күнсұлу Закария жетекшілік ететін еліміздегі Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі ғылыми-зерттеу институты айналысып жатқан еді. Жалпы, бұған дейін Қазақстандағы жан-жануарлар мен қоршаған ортаның биологиялық қауіпсіздігіне жауап беріп келген институт төрт түлікке қатысты ауруларға, шошқа мен құс тұмауына қарсы вакциналар шығарып, үлкен жетістіктерге жеткен де екен. Ал әлемді коронавирус індеті жайлағанда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, институт ұжымының індетке қарсы вакцина жасауға қабілетті екенін дәлелдеген де Күнсұлу Дальтонқызы болыпты.
Халықтың басына төнген қауіпке қатты алаңдаған Мемлекет басшысы ғалымдарға үлкен қолдау көрсеткенін кейіннен естіп-білдік. Қазынадан 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, осы іске қатысы бар мемлекеттік құрылымдардың барлығы, атап айтқанда, денсаулық сақтау, білім, ғылым, Ұлттық қауіпсіздік саласына жауапты мекемелер бұл маңызды шаруадан шет қалмаған көрінеді. Ұжымдағы аз ғана қызметкер уақытпен санаспай еңбек етіп, қалайда қажетті препаратты жасап шығару жолында тер төккен.
– Ол кезде бізде 63 адам еңбек ететін, – дейді институт жетекшісі Күнсұлу Закария сол кезең жайлы айтқан кезде, – өзге мемлекеттерде аса қомақты қаржы бөлініп, он мыңдаған адам осы мақсатқа жұмылдырылып жатқанда, біз қолдағы барды қанағат тұтып, жанымызды сала еңбек еттік. Төккен тер мен жылдар бойы жинақтаған білім мен тәжірибе өз нәтижесін берді. Біз коронавирусқа қарсы үш бірдей вакцина жасап шығардық. Олардың барлығы да тәжірибеден өтіп, ауруға қарсы пәрменді препарат екені дәлелденді. Осы арқылы біз халықтың денсаулығына араша түсіп қана қоймай, қазақстан дық ғылымның бәсекеге қабілетті екенін барша әлемге паш еттік. Осы жолда медицина, көлік, геология, мал шаруашылығы, ветеринария, азық технологиясы саласының мамандары қоян-қолтық жүріп, бірлесе еңбек еткенін айта кету керек. Мысалы, медицина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосынова, физика-математика ғылымдарының докторы Салтанат Әмірғалиева, геологияметаллургия ғылымының докторы Саида Ниғматова, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Индира Бейішова және басқа да ғалымдардың қосқан үлесі қомақты болды. Ал осы күрделі де жауапты, әрі тағдыршешті мәселені шешудің көшбасында қазақтың қаршадай ғана қызы – Күнсұлу Закарияның тұрғанын бүгін мақтанышпен айтуға міндеттіміз.
Жалпы, генетика заңдылығын өзгелерден көшілгері меңгерген түз перзенттері «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөзді бекер айтпаса керек. Оны Күнсұлу Дальтонқызының ата-тегіне қарап та аңғаруға болады. Өз атасы Закария Қалиұлы өткен ғасырдың басында Ленинградтағы халық шаруашылығы институтында оқып, экономика саласының білгірі атанған. Қатарынан оза туған азамат 37-нің ызғарына тап болып, «халық жауы» ретінде жапа шеккендердің қатарына ілігеді. Ал нағашы атасы Әбу-Тәліп Игіліков Орал педагогикалық институтын тәмамдап, қазақ балаларының сауатын ашуға еңбек сіңірген. Ел басына күн туған шақта қолына қару алып, Отанын қорғауға қатысқан. Осындай зиялы отбасында дүниеге келген әкесі Дальтон Закарияұлы болса Қазақ тау-кен институтында білім алып, Қарсақбай металлургиялық зауытында бас инженер, Ақтөбе облысы өнеркәсібінің бас техникалық инспекторы қызметтерін атқарған. Ал анасы Жансұлу Әбу-Тәліпқызы Е. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия-биология факультетін тәмамдап, ғұмыр бойы ұстаздық еткен. Осындай өнегелі отбасында өскен Күнсұлу Дальтонқызы бар ғұмырын ғылым жолына арнап, оның барлық сатыларынан өтіп шыққан. Ол атқарған қызметтерді тізбектеп жатпай-ақ, Ұлттық құрылтайдың мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Ғылым мен технология жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі, «АMANAT» партиясы саяси бюросының мүшесі, көптеген елішілік және халықаралық байқаулардың жеңімпазы екенін атасақ та жеткілікті.
2024 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Президентінің ғылым мен инновация жөніндегі кеңесшісі қызметіне кіріскен Күнсұлу Закария алдағы уақытта отандық ғылымның көркеюіне, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізу тәжірибесін қалыптастырып, ғалымдардың шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай туғызуды өзінің басты міндеттерінің бірі санайды. Ендеше, бар күш-жігері мен уақытын елінің гүлденуіне, халқының қауіпсіздігіне арнап келе жатқан ғалымға денсаулық пен ғұмыр тілейміз.
Қуат Қайранбаев