Қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орай, Есік археологиялық өлкетану музейі игі істі қолға алды. Мектеп оқушыларына «Менің атым Қожа» фильмін көрсетуді ай сайынғы дәстүрге айналдырды. Сол арқылы жас ұрпаққа жазушы шығармасын насихаттауға өзіндік үлес қосады.
Аталған фильмді Есік қаласындағы В.Терешкова атындағы орта мектептің 4 сынып оуқшылары тамашалады. Бұл киноның сәтті шыққаны соншалық, қанша көрсең де көрерменді жалықтырмайды. Балалар әлеміне қарай жетелейді. Жазушы Бердібек Соқпақбаев пен кинорежиссер Абдолла Қарсақбаевтың талантына тәнті боласың. ХХІ ғасыр ұрпақтарының да аталған кинотуындыны жүректеріне жақын тұтатыны да сондықтан.
«Менің атым Қожаны» 1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. 1967 жылы Францияның Канн қаласындағы халықаралық фестивальда ол бас жүлдені жеңіп алады. Сөйтіп, қазақтың қарадомалақ баласы Кеңес одағын еркін аралап, одан әлем елдеріне асып кете барды. Ешкімге ұқсамайтын мінез-құлыққа ие, атап айтқанда, өзіндік қуанышы мен мұңы, керек десеңіз тосын тағдыры бар, тентек, қыңыр, бірақ ақкөңіл, адал Қожаға өз қандастарымыз үрке қарап жатқанда, өзге жұрт оны жатырқамады. Одақтас республика оқырмандары кішкентай кейіпкерді қуана қарсы алумен болды. «Менің атым Қожда» қазақ киносының мерейін асырып, абыройын үстем етті.
Мектеп оқушылары киноны музей залындағы шағын экраннан тамашалады. Олар Қожаның қылығына мәз-мейрам болды. Өйткені, ондағы мінез әр баланың бойынан табылатыны анық. Оның кіршіксіз көңілі, арман-қиялы жасандылықтан ада. Сондықтан балалар бұл фильмнің әр кейіпкеріне мейірлене қарайды. «Менің атым Қожа» киносының құдіреті, міне, осында. Бұл өзі руханият әлемінде көп кездесе бермейтін құбылыс. ХХІ ғасыр ұрпақтары жазушының талантына тағы да қол соқты. Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы ақпаратқа қаныға түсті. Жазушының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланатынын естіп, кеуделерін мақтаныш сезімі кернеді. Музейден көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Аталған шара жыл соңына дейін жалғасады.
Нарима Тойжанова,
Есік археологиялық өлкетану музейінің директоры