Қоғамның басты байлығы мен құндылығы – адам. Сондықтан мемлекет адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтық қорғаныс шараларын күн тәртібінен түсірмеуі тиіс. Техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға, оның салдарымен күресуге әрқашан дайын тұруы керек. Өйткені, апат айтып келмейді.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда 27 қала мен 400-ден астам елдімекенде жер сілкіну қаупі бар. Соның бірі – Алматы өңірі. Енді Алматыда болған ірі жер сілкіністеріне шолу жасап көрейік. 1887 жылы 28 мамыр күні сағат 04:35 шамасында Алматыда (Верный) магнитудасы 7,3 балл жер сілкінісі тіркелген. Салдарынан 236 адам қаза тапқан. 1799 тастан соғылған үй мен 839 ағаш ғимарат қираған. 1887 жылдан 1890 жылға дейінгі аралықта 600-ден астам жерасты дүмпуі болыпты.
1889 жылы 12 шілдеде Шелек зілзаласы да жойқын болды. 3000-нан астам ғимарат құлап, 44 адам зардап шеккен. 1911 жылы 4 қаңтарда Қырғыз еліндегі Кемин жер сілкінісінің қуаты да сұмдық. 9-10 баллға дейін барған. Сілкініс көлденең соққылардан басталып, тербелістермен аяқталып ұзаққа созылған. Қаза тапқандардың жалпы саны – 390 адам. 616 киіз үй қираған. Верныйда 44 адам мерт болып, 108 адам жараланған.
Жер сілкінісі адамды, жерді таңдамайды. 1948 жылы казанда Түрікменстандағы (7,3 балл) зілзаладан Ашхабад қаласы түгел қирады, 110 мың адам қаза тапты. 1988 жылы 7,7 балдық жерасты дүмпуінен Арменияда 3 қала қирандыға айналды, 30 мың адам қаза тапты. 1995 жылы Жапонияның батысындағы Кобе портының ауданында да жер қозғалды. Түрғын үйлерді жермен жексен етіп, 5 мың адам қаза тапты. Айта берсек, мұндай жаға ұстатар табиғи апаттар аз емес.
Биыл 23 қаңтарда 00 сағат 09 мин 02 секундта жер асты дүмпуі Алматының оңтүстік-шығысында тіркелді. Магнитудасы – 6,7 балл. Сол түні Шелек өңірінен де бір мектеп ғимараты сыр берді. Жер сілкінуі салдарынан зардап шеккендер саны 67-ге жетті. Тиісті мекемелер халыққа дер кезінде хабарламаған.
«Жақсылықты көрмеген – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаныашымастық» деген сөз бекерге айтылмаған. Қалада қай жерде тектоникалық жарық бар, қай аумақтың топырағы бос екені сейсмикалық картада анық көрсетілген. Бірақ оны соншалықты елеп-ескеріп жатқандар шамалы. Соның кесірінен көп қабатты үйлер арақашықтық сақтамай бір-біріне тым жақын салынған. Арақашықтық құтқарушы ірі техника, «Жедел жәрдем» өтетіндей болуы керек.
Биылғы жерасты дүмпуі біздің бүгінгі күнге дейін табиғи апаттарға қарсы тұруға селқостық танытқанымызды анық көрсетті. Өткен жылы Түркиядағы жер сілкінісі кезінде құрылыс жұмыстарының сапасыздығынан 51 мың адам қаза болған еді.
Магнитудасы жоғары жер сілкінісі техногендік апаттарға әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Халқымыз тілсіз жаудың біріне суды жатқызады. Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданындағы Бартоғай су қоймасын алайық. Ол Жаңашаруа ауылынан 19 шақырым жерде орналасқан. Абсолюттік биіктігі – 1067 метр. 1980 жылдары егін шаруашылығына қажетті суды жинақтау үшін салынған, екі таудың арасынан ағып өтетін Шелек өзенінің 78 метрлік бөгені, аумағы 12 шаршы шақырым, жиналатын су көлемі 320 млн/м3 . Бөген 1986 жылы толық пайдалануға берілді. Оған ағып келетін судың жылдық орташа мөлшері 1 млрд./м3-ге жетеді немесе бөгеннің сыйымдылығынан 3 есе артық. Маусым айынан бастап, қыркүйек айына дейінгі аралықта су қоймасынан секундына 80 текше метр су жіберіледі. Осы мақала авторы сол кезде Шелек аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінде жұмыс істеген. Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналы құрылысына қатысқан 42 құрылыс кәсіпорны мен 2500 адамға аудандық аурухана, мәдениет бөлімі, кино жүйесі, почта, тұрмыстық қызмет көрсету комбинаты қызметкерлерінің жұмыстарын үйлестіру тобына жетекші болып, құрылыстың басы-қасында болған. Су қоймасы қолданысқа берілген кезде аудан жұртшылығын ғалым мамандар сараптамамен таныстырып, техногендік жер сілкінісі қауіптері туралы түсініктеме берген болатын.
Мамандардың есебі бойынша, Бартоғай бөгені жер сілкінісі 8-9 балдан асқан жағдайда сыр беруі мүмкін. Күшті жерасты дүмпуінің салдарынан бөгенді бұзған жағдайда, көлемі 250 млн/м3 су Шелек өзені арнасымен, тау ішімен 19 шақырым жерді 7 сағатта ағып өтіп, жолшыбай Жаңашаруа, Қайрат, Май ауылдарын шайып, Шелек ауылын 10 метр биіктікте басады. Таудан құлаған тас аралас лай су Шелек арнасы мен Торғай базы аралығын жайпап, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдарын басып, Іле өзені жағалауына дейін жайылады. Шелек су құбыры жүйесі, электр тарату жүйесі, теміржол, Алматы-Қорғас, Алматы – Нарынқол тас жолы су тасқынын бірінші болып қарсы алады. Су тасқыны өзімен бірге жолдан шайылған бейіттер, әжетханалар қалдықтарын да алып келіп суды, ауаны былғайды. Тасқынның келтірер зар¬даптарының қатарына үйлер мен ғи¬мараттар, көпірлердің қирауын, инженерлік желілердегі апат, адамның зардап шегуі мен жан-жануардың қырылуын жатқызуға болады. Міне, болжам осындай.
Табиғи апат айтып келмейді. Сондықтан алдын ала сақтануды ешқашан естен шығармайық. Су қоймаларын үнемі бақылауда ұстап, ондағы құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмаған абзал. Қауіпсіздік шараларын жиі өткізіп, халықты табиғи апаттардан қорғау жоспарын жасау керек. Сонда ғана біз төтенше жағдайларға төтеп бере аламыз.
Нұрлан Ердәулетұлы,
Еңбекшіқазақ ауданы