Аталған сұраққа Қонаев қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов жауап берді. Айтуынша, бұл канал тұрғындардың толассыз шағымынан кейін күрделі жөндеуден өте бастаған.
“Шошқалы сай” қоқысқа, құмға, канал бойы қамысқа толып кетті. Сондықтан біз арнайы жоба жасадық. Жоба бойынша, қалаға кіреберістегі Алматы көшесінің жанында, яғни, теміржол өткелінің түбінде гидротехникалық нысан салынып, шлюз қойылады. Қар суы ағып келген жағдайда шлюздар ашылып, су арықтар арқылы Қапшағай су қоймасына құйылады. Қазіргі таңда Алматы көшесі төмен деңгейде орналасқан. Бұл мәселені де қарастырып, Бас жоспарға сәйкес, аталған көшені 4 жолақтыға үлкейтуді көздеп отырмыз”, – деді Дархан Қарағонысов.
Ал канал бойында су кедергісіз өту үшін арықтар каскадты жүйе бойынша салынады. Тереңдігі 6 метр болады. Каналдың жалпы ұзындығы – 3 шақырым. Жаяу жүргіншілер жолы да қауіпсіз етіп жасалады.
“Мұнда мұз айдыны, көру алаңы, балалар алаңы, воркаут, футбол алаңы тұрғызылып жатыр. Абаттандыру жұмысы былтыр басталған, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін ғана қолға алынды”, – деді бөлім басшысы.
Сонымен қатар ол каналдан 300 тонна қоқыс шығарылғанын атап өтті. Барлық құрылыс жұмыстары аяқталған соң, күтіп ұстау мәселесі де қарастырылған.
Айта кетейік, ТЖБ-ның мәліметінше, қазір Қонаев қаласында сел ағу қаупі жоқ.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі