Биылғы көктемнің еліміздің көптеген өңірі үшін қиынға соғып тұрғаны аян. Еріген қар суы бүгінде елдің он облысында жүздеген үй-жай, дүние-мүлікті басып, елді үдере көшуге мәжбүр қылды. Осыған байланысты бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа шұғыл үндеу жасады. Президент үндеуінде биылғы тасқынның соңғы 80 жылдан бері болмаған табиғи апат екенін, жағдайдың күрделі екенін айтты. Ол тасқынмен күреске қолдағы барлық мүмкіндік, адам күші мен материалдық ресурс толықтай жұмылдырылатынын, тасқыннан зардап шеккен халықтың барлық шығыны барынша әділ түрде өтелетінін айтты.
Бұл тұста мен су маманы ретінде мынаған назар аудартқым келеді. Су тасқыны – табиғи апат, оны болжадым деген күннің өзінде салдарын есептеу қиын. Әйтсе де, Президент еліміз биылғы алапат су тасқынында жіберілген кемшіліктерден тиісті сабақ алып, қорытынды шығару керектігіне тоқталды. Бұл су тасқыны елімізде су шаруашылығы мамандарының тапшы екенін, табиғатқа немқұрайлы қарау мәселесін жою керектігін көрсетіп бергенін айтты.
Негізі, елімізде су мамандары тапшылығын жою үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын басқару, пайдалану және қорғау саласындағы мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын жетілдіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайтыны бұған дейін айтылған. Сонымен қатар, су ресурстарын басқаруда заман талабына сай бірқатар жаңа мамандықтар енгізу де жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, бұл сала «Гидротехникалық құрылыс және нысандар», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Елдімекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Гидротехникалық мелиорация», «Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану», «Ирригациялық жүйелердегі гидроэнергетикалық нысандар», «Гидромелиорациялық жұмыстарды механикаландыру», «Су шаруашылығы экономикасы» сынды жаңа мамандықтармен толықтырылмақ.
Президент айтқандай, биылғы су тасқыны апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшылығы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажеттігін көрсетіп берді. Енді орталық және және жергілікті атқарушы органдар келешекте су тасқынының алдын алып, көктемгі қар суын жинақтап, жаздағы аптап ыстықта тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырса игі еді.
Ринат Асқарқожаев,
Талғар ауданының тұрғыны,
“Алматы су” мемлекеттік мекемесінің жетекші инженері