Биыл көктемгі су тасқыны еліміздің көптеген бөлігінде ырық бермей, халықты әбірерге әбден салып тұр. Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында соңғы мәлімет бойынша 100 мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілген, 3,5 мыңға жуық үй мен 300-ден астам ауланы су басқан.
Мұндай төтеннен келген апат халықтың тұрмыс-тіршілігіне, оның ішінде балалардың білім алуына да кедергі келтіретіні жасырын емес. Осыны ескерген Алматы облысының білім басқармасы аталған облыстарда оқу-білімнен қол үзіп қалған балаларды өңірдегі лагерлерде уақытша тегін орналастыруды ұйымдастырды. Алматы облыстық білім басқармасының мәліметінше, Еңбекшіқазақ пен Талғар аудандарындағы сауықтыру лагерьлері сәуір мен мамыр айларында Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан 170 баланы қабылдайды. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында орналасқан «Тау жаңашар» балалардың қарқынды демалу орталығы 10 сәуірден бастап Батыс Қазақстан облысынан келген 70 баланы тегін қабылдады. Қамкөңіл балалардың көңілін демеп, қолдау көрсету үшін облыстық білім басқармасының басшысы С.Беспаева бастаған педагогтар қауымы БҚО-дан келген 70 баланы Алматы қаласындағы теміржол бекетінен қарсы алып, лагерьге орналастырды. Батыстан келген балалар мұнда бір жарым айға жуық уақыт – 10 сәуірден 22 мамырға дейін болады.
Сонымен қатар, Талғар ауданында орналасқан «Тау Тұран» балалар сауықтыру лагеріне Ақтөбе облысынан 100 бала келіп жетті. Олар мұнда бір айдан астам уақыт – 10 сәуір – 15 мамыр аралығында болмақ.
Батыстық балалар лагерьлерде білім мен тәрбие ғана алып қоймай, түрлі мәдени-сауықтыру шараларға қатысып, Алматы облысының көрікті жерлеріне саяхаттарға шығады деп жоспарланған.
Орталықтарда балаларға барлық қажетті жағдайлар жасалып, қашықтан оқу процесі, сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық, шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылады.