Күнделікті өмірде көшеде кетіп бара жатып я болмаса қоғамдық орында отырып ойламаған жерден есінен танып қалатын жандарды кездестіріп жатамыз. Осындай сәтте оны қаумалаған адамдар не істерін білмей, тосылып қалады. «Жедел жәрдем» қызметкерлері келген күннің өзінде олар науқастың нақты диагнозын білмегендіктен шұғыл көмек көрсете алмайды. Мұндайда бір минуттың өзі адам тағдырын шешетіні анық. Осы жағдайдың алдын алу үшін Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алатын 23 жасар Аружан Қалиханова «Көмекші білезік» ойлап тапты.
Бұл құрылғының бірнеше функциясы бар. Біріншіден, білезікте медицинаға қатысы жоқ қарапайым адамдарға түсінікті ақпараттар жазылған. онда науқастың диагнозы, қалай көмектесуге болатыны жайында көрсетіледі. Сондай-ақ тек «Жедел жәрдем» қыметкерлеріне қолжетімді QR-код қойылған. Ол арқылы науқастың медициналық тарихы, қан тобы, талдау нәтижелері бірден белгілі болады. Одан бөлек, білезікте ең жақын адамының телефон нөмірі де жазылып тұрады.
Кейіпкеріміздің дәрігерлік жолды таңдауы да, «Көмекші білезікті» ойлап табуы да өмірінде болған оқиғалармен тікелей байланысты.
«10-сынып оқып жүргенде әкем жүрек талмасынан есінен танып құлап қалды. Қалай көмектесерімді білмедім. Шарасыздығым жаныма батып, ішімдегі алай-дүлей сезімдер маза бермеді. Осылайша дәрігер мамандығын таңдаймын деген шешімге келдім.
Бір күні қоғамдық орында әкем ұшыраған жағдай өзге адамда қайталанды. Бұл кезде университеттің екінші курсында оқып жүрсем де, көмек қолын соза алмадым. Себебі ол кісінің диагнозын білмейтін едім. Шіркін, осындай кезде науқастың жағдайын бірден білетін қандай да бір ақпарат болса ғой деп армандайтынмын. Осы сұрақ ойымнан кетпеді. Іздене келе Америкада науқастың диагнозы жазылған медициналық білезік бар екенін білдім. Оны бұдан әрі тиімді етудің жолын қарастырып, дамыта бастадым», – дейді Аружан.
Ұзақ уақыт ойында жүрген жобасын ҚазҰМУ университетіндегі инновациялық жобалардың алға басуына көмек көрсететін «Бизнес-инкубатор» байқауына ұсынады. Онда тәлімгерлер арқылы білімін жетілдіріп, жобасының кем-кетігін толықтырады. Байқауға білікті профессорлар мен ғалымдар да қатысады. 160-тан астам адамның ішіндегі ең жас қатысушы атанады. Соған қарамастан 10 үздік жобаның қатарына ілігіп, инвесторлардан ұсыныстар түсе бастайды. «KAZNMU Endowment» қоры да «Көмекші білезіктің» танылуына зор ықпал етеді. Қазіргі таңда түрлі медициналық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеу да жоспарында бар.
– Қолға алған жобамды міндетті түрде іске асырамын. Себебі бұл қоғам үшін өте керек. Америка мен Австралияда осыған ұқсас сағаттардың нәтижелі кейстері бар. Ал Қазақстанда аутизм, деменция сынды дертпен ауыратын науқастардың күртешесінің қалтасына ауруына қатысты нұсқаулық салып береді. Бірақ ол тез жыртылып немесе жоғалып кетеді, адамдар ол нұсқаулық туралы білмейді де. Қаржылық жағынан көмек болса, әрі қарай дамыта түсу үшін гранттар бөлінсе, бұл жобаның жақсы нәтиже беретініне сенемін, – деген кейіпкеріміз «Көмекші білезікті» бұдан әрі жетілдіре түсетінін айтты. Оның жоспары да дайын көрінеді. Алдағы уақытта білезікке дыбыс арқылы ескерту жолдай алатын қосымша енгізбекші. Адам есінен танып құлаған кезде дыбыстық белгі қосылады, сондай-ақ білезікте көрсетілген нөмірге автоматты түрде хабарласады. Жақын маңда орналасқан «Жедел жәрдем» қызметіне де науқас халі туралы бірден ақпарат барады. Бағасын қарапайым халыққа қолжетімді қылуды басты міндеті санаған Аружан барынша тиімді жолдарды қарастыруда.
Дәрігерлік – үлкен жауапкершілік пен асқан төзімділікті талап ететін, қиын да қастерлі мамандық. Бұл жолды таңдауға кез келген адамның батылы бара бермейді. Өмірін осы саламен ұштастырған кейіпкеріміз медицина саласының мән-маңызы жайында өз ойын білдірді. «Дәрігерлер – өмір мен өлім үстінде тұрған адамға үміт сыйлайтын, сол үмітті ақтау үшін аянбай күресетін қаһармандар. Ол ең бірінші адамдарды жақсы көру керек, бойында өзгелердің мүддесі үшін өзінікінен бас тартуға дайын моральдық принцип, адамдардың жан дүниесін түсіну, жай-күйін ұғыну қабілеті болу керек. Керек кезде психолог та бола білуі шарт. Кейде дәрі-дәрмектен бірауыз жылы сөз дертке дауа болады. Медицина саласы күн санап дамып келе жатыр, сол көштен қалмай алға ұмтылу – әрбір дәрігердің міндеті», – дейді Аружан Қалиханова.
Гүлзат Байқонысова