Жамбыл және Алматы облыстары бірлесіп, «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын сәтті өткізді. Оқу-жаттығу Қордай ауданында, «Алматы-Ташкент-Термез» республикалық маңызы бар автожолдың 205 шақырымында (Қордай асуы) ұйымдастырылды.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жеке қатысып, техникалардың жай-күйін тексерді, жауаптылардың дайындық деңгейін бақылады.
Оқу-жаттығу арнайы дайындалған сценарий бойынша жүргізіліп, апаттан құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыру, адамдарды іздеу және құтқару, алғашқы медициналық көмек көрсету, қауіпті аймақтардан жылыту пункттеріне, жақын елдімекендер мен емдеу мекемелеріне эвакуациялау шаралары іс жүзінде тексерілді.
Іс-шараға жергілікті атқарушы органдар, апаттан құтқару қызметтері мен құрылымдары, азаматтық қорғау қызметтері, төтенше жағдайлар департаменті және оның бағынысты бөлімшелері, ҚР ТЖМ-нің «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің Жамбыл облыстық филиалы, Полиция департаментінің құрылымдық және бағынысты бөлімшелері белсенді атсалысты. Алматы мен Жамбыл облыстарынан барлығы 150 адам және 42 бірлік техника жұмылдырылды.
Екі облыстың әкімдері оқу-жаттығуға қатысқандарға алғыс білдіріп, төтенше жағдайдың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Алматы облысының әкімдігі