Еңбекшіқазақ ауданы Қаратұрық ауылында орналасқан Авут Саттаров атындағы орта мектептің алғашқы қоңырауы осыдан бір ғасыр бұрын соғылған. «Жүз жылдық тарихы бар мектептер» жобасы аясында аталған білім ордасында ауқымды іс-шара өтті.
Кезінде Қаратұрықты жұртшылықтың «Ұстаздар ауылы» деп атауы да тегіннен- тегін емес. 1900 жылдан бастап елдімекенде орта білім беретін мектеп ашылады. Онда қазақ, ұйғыр, дүнген балалары хат таниды. Көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіруді көздеген ел ағалары 1919-1920 жылдары Қаратұрық ауылынан 16 адамды мұғалімдер даярлайтын қысқа курсқа жібереді. Оқуын тәмамдап келген мамандар Шелек, Қорам, Байсейіт, Қаражота, Сөгеті, Асы, Киікбай, Малыбай ауылдарында мектеп ашып, бала оқытуды қолға алады.
Солардың бірі – Қаратұрық ауылындағы «Жаңа шаруа» – «Йеңи дехан» атты жеті жылдық мектеп, яғни бүгінде 1100 баланы білім нәрімен сусындатып отырған А.Саттаров атындағы орта мектеп. 1955 жылдан бастап білім ошағы М.Калинин аталып, 1997 жылы соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері, 17 жыл Қаратұрық кеңшарының директоры қызметінде болып, өңірдің өсіп-өркендеуіне мол үлесін қосқан осы ауылдың тумасы Авут Асанұлы Саттаровтың есімі беріледі.
«Жүз жылдық тарихы бар мектептер» жобасы аясында ұйымдастырылған кешке білім саласының қызметкерлері, аудан зиялылары, ауыл тұрғындары, білім ордасының түлектері, Авут
Саттаровтың туыстары мен бірге қызмет атқарған замандастары қатысты. Кешегі күннің естеліктері айтылып, бүгінгі заманның жетістіктері ортаға салынған кездесу көтеріңкі көңіл-күймен өтті. Авут Саттаровтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Мектеп дәлізіндегі көрме көпшіліктің көкейіндегі сан сұраққа жауап тауып тұрғандай. Білім ордасының тарихы, оқушылардың білім мен спорттағы, өнердегі бағындырған биіктері мен балалардың шеберлігін паш етер қолөнер бұйымдары – нағыз іздегенге сұраған.
Мәжіліс залында өткен салтанатты кеште кезінде Авут Саттаровпен қызметтес болып, Қаратұрық ауылына ғана емес, Шелек өңірінің жан-жақты дамуына мол үлес қосып, еңбегі сіңген қоғам қайраткері Елеусіз Сұлтанғазыұлы сөз сөйлеп, тарих қойнауынан сыр шертетін деректермен бөлісті. Сондай-ақ ауыл әкімі Айбек Ілебаев, Қаратұрық ауылының құрметті азаматтары, жазушылар – Қасим Исмаилов, Авут Мәсимов, Авут Саттаровтың ұлы Дамир Саттаров ауқымды іс-шараны ұйымдастырып отырған мектеп ұжымына жылы лебіздерін білдіріп, алғыс айтты. Өз кезегінде мектеп директоры Айкерім Сарыбаева Елеусіз Сұлтанғазыұлына, аталған мектептің директоры қызметін атқарып, зейнет демалысына шыққан ұстаз Қасим Исмаилов, Авут Саттаровтың ұлы Дамир Саттаровқа құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Жүз жылдық жылнамасы тарихқа таңбаланған бұл оқу ордасы бүгінде білім беру саласындағы үздіктер қатарында. Оқушылар бос уақытын тиімді өткізіп, сапалы білім алуы үшін мектепте бар жағдай жасалған. Дәлізде шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, конструктор ойнайтын бұрыштар ұйымдастырылған. Ал «Оқуға құштар мектеп», «Зерттеуші мектеп» жобалары мен «Ұшқыр ой» дебат алаңы – балалардың білімін шыңдап, бәсекеге қабілетті шәкірт дaйындaудағы мықты құралдың бірі. Заман талабына сай барлық керек-жарағымен жабдықталып, материалдық базасы толыққанды түгенделген мектеп ғимараты 2018 жылы күрделі жөндеуден өткен. Мұнда 123 мұғалім оқушыларға қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде білім беріп, болашақтың тетігін ұстар білікті ұрпақ өсуіне өз үлестерін қосып келеді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы