Балқаш ауданы Бақбақты ауылдық Мәдениет үйінде жергілікті қаламгер, ұлағатты ұстаз Шұға Смағұлованың «Өлеңмен өрілген өмір» атты шығармашылық кеші өтті.
Мәдени шараны белгілі ақын, «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы ашып, кеш иесін сахна төріне шығарды. Шұға Смағұлованың қаламгерлік қыры мен ұстаздық жолына кеңінен тоқталды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжанова ол кісінің ұрпақ тәрбиесіне қосып жатқан еселі еңбегін сөз ете келе, аудан әкімінің Құрмет грамотасын табыстады. «Бірлік» кәсіподағы ұйымының төрағасы Сайран Смағұлов, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Дәулетбек Жанботаев, ауданның Құрметті азаматы Зәуреш Демеуқұловалар жылы лебіздерін арнап, сый-сияпат көрсетті. Шығармашылық кешке арнайы келіп, өздерінің ақ тілектерін ақтарған құрметті қонақтар арасында ақынның туыстары, сыныптастары, ұстаздар қауымы, шәкірттері де болды. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек келесі жылы ұстазының жыр жинағын шығаруға демеушілік жасайтынын айтып, дүйім жұрттың алдында уәде берді. Бұл жайдарман жаңалыққа көпшілік қуана қол соқты.
Кеште Шұға Смағұлованың сөзіне жазылған Тасболат Тастанбековтың «Бақбақтым менің» әні әуелете шырқалып, жиналған жұртқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар республикаға танымал дәстүрлі әнші Арафат Искаков, ақын, сазгер Дәулетбек Жанботаев, Миялы ауылдық клубының директоры Гүлмира Рахимова, Бақбақты ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған әжелер ансамблінің мүшелері әннен шашу шашты. №1 Жамбыл атындағы орта мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтты.
Шараға жиналған қауым Шұға Смағұлованың шығармашылық салада жеткен жетістіктері жайында кеңінен әңгіме өрбітті. Осылайша ақындық өнерді жанына серік еткен ұлағатты ұстаз, ауданға танымал ақын, аяулы ана, асыл әже, ел-жұртының алғысына бөленіп жүрген жанның шығармашылық кеші көпшіліктің есінде көпке дейін ұмытылмай, ел аузында айта жүретіндей әсерлі өтті.
Өз тілшіміз
Балқаш ауданы