Талғар аудандық Мәдениет үйінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл және осы қаладағы айтулы тұлғаның есімін иеленген №2 орта мектептің құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Оған әр жылдары осы мектепте ұстаздық қызмет атқарған ардагерлер, білім ұясынан ұшқан түлектер, мұғалімдер мен оқушылар, жұртшылық өкілдері қатысты.
Шара басында үлкен экраннан бейнебаян көрсетіліп, аудандағы алғашқы қазақ мектебі саналатын білім ордасының тарихы, оған басшылық еткен ардақты азаматтар, осы мектепте білім алып, әр салада жетістікке жеткен түлектер туралы баяндалды.
Ұзақ жылдар бойы мыңдаған шәкіртке үздіксіз білім, өнегелі тәрбие берген қасиетті қара шаңырақтың іргесі сонау 1934 жылы қаланған. Саз балшықтан салынған шағын үйде алғашқы жылы 17 оқушы ғана оқып, ол кішкентай ғана орыс-қазақ мектебі болған. Оның алғашқы мұғалімдері әрі директорлары болып Сауқұлов, Ибрагимов, Тәкен Рахымұлы сынды аталарымыз еңбек еткен. Арада 30 жыл өткен соң, 1964 жылы 25 тамызда арнайы бұйрықпен білім ордасына Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллиннің есімі беріледі.
Бұл игі бастаманы көтерген 1961-66 жылдары мектеп директоры болған Әбен Өмірәлиев. Ол кісі кеңестік дәуірдің қатаң талаптарына қарамастан, қазақ балаларының алтын ұясына Сәкендей арыстың есімі берілуіне үлкен үлес қосып, ерекше еңбек сіңірген азамат. Сондай-ақ 90 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақтың биіктерден көрініп, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде, олардың адамгершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына әр жылдары мектеп директоры қызметін атқарған Ажданбек Сауранбеков, Өтелбай Нұртазин, Хайрулла Ибраев, Қалибай Бөлтіріков, Әбуғали Жұмабаев, Нүсіп Нұрбеков, Нұрхан Бектасова, Мәбике Шегенбаева, Күнғайша Қалқабаева, Мұқатай Қойсарин, Әуелбай Сәтбаев, Рая Идралиева, Әсиягүл Өскенбаева, Раушан Букаева, Эльмира Баймолдаева, Райхан Букаева сынды ұстаздардың еңбегі ерен екенін де айта кеткен жөн. Олардың бәрі білім ордасының тарихында өшпес із қалдырған асыл жандар.
Мектеп түлектері де білім ордасының беделін биіктете түсуге өздерінің лайықты үлестерін қосты десек, артық айтқандық емес. Солардың бірі – мектеп тарихында алғаш алтын медаль алған Ілияс Ерназаров. Ол неміс тілінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы. Ал Жүніс Қабасов – 2004 жылғы Алтын медаль иегері. Ол «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып, әлемнің әр түпкірінде еңбек етіп, қазір өз елінде жемісті жұмыс істеп жүрген белгілі кәсіпкер. Әрине, олардан басқа да үлкен жетістіктерге жетіп, ұстаздарының мерейін үстем етіп, мектебінің атын шығарып жүрген айтулы түлектер аз емес.
Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні, үнемі ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап жүретін Зейнеп Ахметова да осы мектепте оқыған. Бұрынғы КСРО депутаты, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас кеңесі Халықаралық ақпараттық академиясының академигі, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының бұрынғы төрайымы Майра Амантаева, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Найля Үмбетова, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бас редакторы болған Ержұман Смайыл, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов, Алматы облысында үш ауданда әкім, облыс әкімінің бірінші орынбасары, Мәжіліс депутаты болған Әлихан Тойбаев, Талғар ауданының әкімі қызметін атқарған Райхан Садықова сынды басқа да біраз есімі қалың жұртшылыққа жақсы таныс азаматтар осы алтын ұядан түлеп ұшқан.
Салтанатты шара кезінде сөз алған Зейнеп Ахметова Момышұлы әулеті мен Талғар қаласының арасында ертеден келе жатқан ерекше байланыс бар екенін айтты.
– Біз үшін бұл қала киелі мекен саналады. Ата сарбаздарын осында, анау Солдат шатқалында тәрбиелеп, соғысқа осы жерден аттанған. Сол ғимараттың әлі күнге дейін орны тұр. Одан кейін 1962 жылы мен осы мектепті бітірдім. Бұл білім ордасы мен сияқты қаншама адамдарды тәрбиелеп шығарды. Сәкен атамыздың 130 жылдығы, мектебіміздің 90 жылдық мерейтойы құтты болсын! – деп Зейнеп апа арнайы әкелген сый-сияпатын тапсырды.
Одан кейін сөз алған Әлихан Тойбаев жиналған жұртты қос мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Біз аяғымызға керзі етік, үстімізге күпәйкі киіп, белімізді солдат белдігімен буып жүріп оқыдық. Мұғалімдеріміздің берген жақсы білімі мен тәрбиесінің арқасында білім алып, тынымсыз еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жеттік. Қос мереке құтты болсын! Білім шаңырағының 100 жылдығында да аман-есен жүздесуге жазсын! – деді ол.
Шара кезінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың құттықтау хаты оқылды. «AMANAT» партиясы Талғар аудандық филалының төрағасы Серік Дүмшібаев, «Respublica» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек мектеп ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды. Аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев сөз сөйлеп, ұжымның бірқатар ұстазын аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Мектеп мұғалімдері Сәкен Сейфуллиннің ұлт азаттығы жолындағы қайраткерлік өмірінен сахналық қойылым көрсетіп, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. Әсіресе6 жас домбырашылар ансамблі орындаған Әбдімомын Желдібаевтың әйгілі «Ерке сылқым» күйі мен бастауыш сынып оқушыларынан құрылған хор және «Сәкен жұлдыздары» тобы орындаған патриоттық әндер көпшіліктің көңілінен шықты.
Қала халқының өсуіне байланысты кезінде білім ордасынан №3, №9, №49, №7 мектептер бөлініп шығып, өз алдына отау тікті. Сондықтан бұл мектеп Талғар ауданындағы білімнің қара шаңырағы болып саналады.
Қос мереке қатар тойланған салтанатты шара жыл керуені алға жылжыған сайын Сәкен Сейфуллиннің артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, айшықтала түсетінін тағы бір рет көрсеткендей болды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы