«Кәден-ау, саған көңіл айтайын деп отырмын. Жұмағаңның сағаты соғыпты… Иманы саламат болсын», деп Астанадан аға дос Ахмет Кендірбекұлының аһ ұра күрсініп телефон шалғаны кеше ғана сияқты еді. Сырқаттанып жатқанда естіген бұл азалы хабардан аспан айырылып кеткендей болған. Анау-мынау ауру-сырқауға бой бере қоймайтын, арқардың асығындай шымыр Жұмағаң бұл жалғанды тастап кете қояды деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кіріп пе?! Ай бұрын ғана Рәтбек достан «Жұмабай ағамыз бәлніске түсіп қалыпты» деп естігенде, тұмау-сұмау шығар деп мән бере қоймап едік. Аяусыз ажал аңдаусызда алып тынған екен…
Енді, міне, Махабат бауырымыз жылдық асына шақыру жіберіп отыр.
Махабат дегеннен еске түседі-ау. Анау жылдары Есенқұл қайтыс болғанда арда ақынды соңғы сапарына жөнелтудің күллі ауыртпалығын бір өзі көтеріп алған Махабаттың мәрттігіне ырза болған Жұмағаң: «Махабат бар кезде өліп алған да жөн екен-ау, өзі», – депті әзіл-шыны аралас. Жұмағаң туралы сөз болғанда шәкірттерінің бірі Алмас Нүсіптің: «Жұмағаң сол гәпті бекер-ақ айтқан екен!» деп ауыр күрсінгені бар-тын.
Бүгінде еске алып егілгеннен басқа амал таппай, естелігімізді қағазға түсіріп отырмыз…
1980 жылы Нұрлан Әбдібеков досымыздың дәнекер болуымен басталған ағалы-інілі бауырластығымыз, кіршіксіз сыйластығымыз күні кешеге дейін бір үзілмепті. 1990-да Алматыға қоныс аударғанда: «Миллион тұрғыны бар алып қалаға жүрегің дауалап көшіп келгеніңнің өзі – үлкен ерлік. Енді бұл шаһарға барынша өзіңді танытуға тырыс, інім!» – деп ағалық ағеділ тілегін ақтарғаны естен шығар ма!
«Заман Қазақстанда» бас редактор кезінде орынбасарлыққа шақырып, қызметтес те болдық. Дәл осы тұста Жұмабай аға Алматы облыстық «Жетісу» газетіне бірінші орынбасарлық қызметке шақырылды. Жұмағаң бұл ұсыныстан сыпайы түрде бас тартып, орнына мені ұсынды. Және сол кездегі «Жетісудың» бас иесі Жақыпжан Нұрғожаевқа өзі ертіп әкеліп, табыстап кеткені де атымтай қамқорлығының бір көрінісі еді.
Қазақстан Жазушылар одағында жолымыз кезекті мәрте тағы түйісті. Одақ төрағасы Нұрлан Оразалиннің қолдауымен «Ан-Арыс» баспасына қызметке келгенімде Жұмағаң «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы-тұғын. 1-қабаттан 3-қабатқа көтеріліп, ағама сәлем беріп кетпесем, ішкен асым бойыма тарамайды. Қашанғы әдетімен жайраңдап қарсы алады. Дегенмен бұйымтаймен келетін жазармандардан әбден зәрезап болған кейпін де жасыра алмай ақырын ғана: «Жайша келдің бе, әке?!» деп сұрақ қоюды да ұмытпайды.
– Пайғамбардың сәлемін берейін деп?..
Ағамыз ыңғайсызданған қалыпта күліп жіберіп Айнұр қызға шәй әзірлетіп, терең әңгімеге кірісетін күндердің енді оралмайтыны жүректі ауыртады…
60-қа толар алдында екі томдық шығармалар жинағын «Ан-Арыс» баспасына тапсырды.
– Әке, осы екі томдығыма өзің редактор болып берсең қайтеді? – деп қиылды. Қуана-қуана келістім. 1-томға «Біздің заманның Аязбиі» романын, екінші томды «Тау мен дала» деп атап, хикаяттарын енгіздік. Кітап өндіріске кетер алдында інілік базынамды айттым.
– Жұмаға, романның атауын өзгертейікші?
– Бұл атаудың несі ұнамай тұр, әке? – деді Жұмағаң сәл таңырқаған кейіппен.
– Біртүрлі, газет мақаласының тақырыбы секілді.
– Редактормен келіспеуге амалым жоқ енді, – деп Жұмабай аға риясыз күліп, келісімін берді.
Роман атауы «Аяз би» болып оқырмандар қолына тиді.
Екі томдыққа баспаның атынан жазылған аңдатпама да қатты риза болды. Кейін осы романы «Жазушы» баспасынан қайта басылып, жарық көргенде осы аңдатпа бір әрпі өзгермей беріліпті. «Апыр-ай, Жұмаға, аңдатпаны әр баспа өзі жазуы керек емес пе еді?» деп сұрағанымда, әдетінше арсалаңдап бір күліп алып: «Сенің аңдатпаң ұнаған соң қайтадан бергіздім, әке, ренжіме» деп еді.
«Қызыл қардың» толықтырылған романдық нұсқасына да кітап демеушісі Дархан Қыдырәлінің келісімімен редактор болу бақытына ие болдым. Ағаның алғысөзін тұшынып, рахаттанып оқыған соң қолқа салғаным бар: «Жұмаға, осы сарынмен мемуарлық шығарма жазуыңыз керек енді!»
– Жазамын, әке! Өзім де сондай бір ғұмырбаяндық дүниеге отырайын деп жүрмін, – деп еді қайран Аға…
Асыққан ажал ағаны бұл тілегіне жеткізбеді. Ғұмырбаянының бір үзігі «Қызыл қар» романында ғана бедерленіп үлгерді. Ол да болса көңілге мият.
«Таулар алыстаған сайын биіктейді» дейді ғой. Қарапайымдылық пен кішіліктің, тұмадай тұнық тазалық пен қылаусыз адалдықтың эталоны болған қайран Жұмағаң күн өткен сайын бізден алыстап барады. Алыстаған сайын өлмес рухы арқылы әрі жақындап, әрі биіктеп барады!..
Туған жерін қимай кеткен бір ағам,
Қу дүние жимай кеткен бір ағам.
Ғұмырлы ерге айналар деп жүргенде,
Жұмыр жерге сыймай кеткен Жұмағам!..
***
КЕШЕГІ ӨЛЕҢ:
Шаштайдың ұлы
Қаламы қолда – батыр садағы,
Нысананы ұрды ұшы қадалып.
Сонау бір кездер шақырса-дағы
Сықимай қойған «СҚ-ға» барып.
Ақиқат үнге аңсары ашығып,
Ерте айтты көптен естілеу шынын.
«ОК-дегілер» ортаға түсіп,
Димекеңнің де естіген сынын.
Қаламын алса, қатал тірліктің
Сызын да ұмытқан, мұзын да ұмытқан.
Жалауын жығып жасандылықтың,
«Қызыл қар» жазып қызылды құртқан.
«Зам» болып бір кез сабырсыз іні,
Қолдауыңды алып, қашпай «құрыды»…
Шатыраш сында – жазушылығы,
Шапыраштыда – Шаштайдың ұлы.
Шым-шымдай тауып мұрадан да азық,
Салқынын сезді саялы ай-күннің.
Отыр бұл күнде роман жазып,
Аяз биі боп аядай үйдің.
БҮГІНГІ ӨЛЕҢ:
Тұңғыш ер
Жұмабай Шаштайұлына
«КСРО!» – деп тамсанғанда күлгіш ел,
Сол одақты сойып салған тұңғыш ер.
Көп ішінде алақарға атанып,
Топ ішінде жалғыз етті мұңлы шер.
Сол мұңлы шер алып шықты биікке,
Кез де қылды шаттыққа да, күйікке.
Шашына да ақ түсірді мезгілсіз,
Көрді сосын түңіліп те, сүйіп те.
Құсалықтың табы қалып ізінде әр,
Қыр соңынан қалмады ұзақ күз-ызғар.
Өміріне өлмейтұғын бетбұрыс
Жасап беріп кеткен екен, «Қызыл қар».
Сол қызыл қар жақындатты көктемді,
Дірілдетті талай ісіп-кепкенді.
Тұл жүйені шошындырған тұңғыш ер
Сәл мұңайып, еске алады өткенді.
Ту көтеріп шаттанғанда күлгіш ел,
Тұл жүйені шошындырған тұңғыш ер!
Жиі өзіңмен сырласамын Аға-дос,
Арамызда кедергі емес – бір мүшел!
Кәдірбек Құныпияұлы,
Қазақстанның Мәдениет
қайраткері