Студенттік кезең – адам өміріндегі ең бір әдемі шақ. Ал соның ішінде жоғары оқу орнының табалдырығын аттап, студенттік қатарға қабылдану рәсімі – әрбір жасқа қуаныш сыйлайтын мереке. Жалағаш ауылындағы «Көлсай» кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенттері осындай ұмытылмас сәттің куәгері болды.
Халықаралық студенттер күні мерекесіне орай Жалағаш ауылдық Мәдениет үйі мен кәсіптік-техникалық колледжі бірлесе ұйымдастырған мерекелік шара колледж қабырғасында өтті.
Мерекені өткізудегі мақсат – Студенттер күнін жоғары деңгейде атап өту, білімгерлердің шығармашылық ізденісін арттыру және дарынды жастарға қолдау көрсету.
Шарада «Көлсай» кәсіптік-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Әділов студенттерді мерекемен құттықтады.
– Адам өмірінде қызықты сәттерге толы шақ – балалықпен басталып, есеюмен аяқталатын оқушылық кезең. Ал одан кейінгі есте қаларлық кезең – үлкен өмірге қадам басып, тұлға ретінде қалыптаса бастайтын, білім мен арман қуып, болашаққа негіз қалайтын студенттік шақ. Жастың бойында жанып тұрған жалын, күш-жігер, қайрат, сұлулық, мүмкіндіктің бәрі бар. Ізденіс, талпынысқа толы кезеңде жастар қайталанбас сәттерді бастан кешеді. Достық қарым-қатынастың да шарықтайтын шағы бұл. Жастық деген сөздің өзі адалдық, тазалық деген ұғыммен пара-пар. Бір сөзбен айтқанда, студенттік өмір қызықты сәттерге толы. Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті студенттер! – дей келе, 1-курс білімгерлерін үлкен өмірге қадам жасауларымен шын жүректен құттықтап, кәсіп иесі атануды мақсат еткен жастарға студенттік билет табыстады.
Мереке барысында Алматы қалалық «NOMAD» бокс клубының ұйым-
дастыруымен жасөспірімдер арасында өткен бокстан республикалық ашық турнирде 57 кг салмақ дәрежесінде бірінші және үшінші орын алған аталмыш колледждің 1-курс студенттері Абзал Жексенбайұлы, Санжар Тайыров арнайы кубок, медальдармен марапатталса, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысқан басқа да білімгерлер Алғыс хат иеленді. Білімді де дарынды студенттер өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара соңы ауылдық Мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Кеште Сәния Қонақбаева, Ботакөз Жолшиева, Гүлбақыт Баймұханбетова, Нұрахмет Айтолқын сынды өнерпаздар ән айтып, күй шертіп, ортаны думанға бөледі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы