Облыс аумағында Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Осыған орай Талғар ауданында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Тіл және қоғам» атты жиын өтті.
Шараға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, тіл жанашырлары, аймақ белсенділері, мұғалімдер мен оқытушылар шақырылды. Жиында облыстық мәслихаттың дін, тілдер, этносаралық қатынастар және ішкі саясат мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Сұлтан Нұрдәулетов, облыстық мәслихат депутаттары Меруерт Молдашева мен Гүлжан Түсібиянова, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының қызметкерлері болды. Шара барысында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас өңірдегі «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары туралы баяндады. Бұдан бөлек, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Талғар аудандық филиалының өкілі Гүлнар Мамырбаева да сөз сөйледі. Сондай-ақ тілдерді дамыту, оқыту әдістемесін жетілдіру мақсатында қызметкерлер шығарған оқулықтар мен әдістемелік құралдар, қашықтықтан тіл оқытуға арналған «TilOquBot» және басқа да тіл үйренуге арналған құралдар жөнінде орталық әдіскері Назерке Игібайқызы таныстырылым жасады.
Жиын соңында облыстағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының жұмысын жандандыру, орталықтағы өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлер жалақысы және жеке ғимарат жөнінде мәслихаттың тұрақты комиссиясына ұсыныс берілді.
Гүлмира Әбілқасымқызы,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
басшысының орынбасары